
Конституциялық комиссияның отырысында Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ Конституцияның преамбуласын қайта қарауды ұсынды. Оның пікірінше, кіріспе бөлім елдің бүгінгі сын-қатерлері мен құндылықтарын нақты әрі толық бейнелеуі тиіс.
Депутат бұл бастама жай ғана мәтін өңдеу емес, ұлттық мемлекеттілікті нығайтатын, елдің идеялық бағдарын айқындайтын маңызды қадам екенін атап өтті.
Үнзила Шапақтың айтуынша, преамбулада мемлекеттің унитарлық сипаты, шекаралардың мызғымастығы мен аумақтық тұтастықты сақтау мәселесіне ерекше мән берілуге тиіс.
«Ендігі біз ұсынатын преамбула мәтінінде бірнеше іргелі бағыт айқын көрініс табуға тиіс. Ең әуелі, Қазақстан өзін біртұтас ұлт ретінде танытуы қажет. Бұл – ұлттық бірегейлікті күшейтетін, барша қазақстандықты ортақ мақсат пен жауапкершілікке ұйыстыратын басты ұстаным. Преамбулада мемлекеттің унитарлық сипаты, шекаралардың мызғымастығы мен аумақтық тұтастықты сақтау мәселесіне ерекше мән берілуге тиіс. Қазіргі геосаяси жағдайда бұл қағидаттар ел егемендігін нығайтатын шешуші факторлар болып саналады», – деді депутат.
Сондай-ақ депутаттың айтуынша, «Әділетті Қазақстан» идеясы мен оның өзегі саналатын «Заң мен тәртіп» қағидатын преамбула деңгейінде бекіту мемлекет пен қоғам дамуының жаңа философиясын айқындайды.
«Бүгін біз Конституция туралы айтқанда тек билік пен құқықтық нормаларды ғана емес, ұлттың болашақ алдындағы жауапкершілігін де ойлауымыз керек. Сондықтан табиғатты аялау, экологиямызды сақтау идеясы Конституцияда қоғам мен мемлекеттің ортақ құндылығы ретінде көрініс табуға тиіс. Мәдениет, Әділетті Қазақстанның Конституциялық негізі мемлекеттілік – тек заңдар мен институттар арқылы ғана емес, ұлттық рух пен мәдениет арқылы орнығады», – деді ол.
Қазіргі Конституцияның преамбуласы қандай
Қолданыстағы Ата заң 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған. 2022 жылдың қыркүйегінде өзгертулер мен толықтырулар енгізлген. Бұл құжаттың преамбуласы:
«Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттілік құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тiлей отырып, қазiргi және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершiлiгiмiздi сезiне отырып, өзiмiздiң егемендiк құқығымызды негiзге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз» ,- деп жазылған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында Ел Конституциясы қайта жазылатынын мәлімдеген.