Жаңалықтар

Трамп Кубаға теңіз арқылы жеткізілетін мұнайдың жолын кесуді жоспарлап отыр

АҚШ билігі Кубаға жеткізілетін мұнайдың жолын кеспек / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

АҚШ Президенті Дональд Трамп әкімшілігі Кубаға мұнай жеткізуді толық тоқтату үшін теңіз арқылы қоршау енгізу мүмкіндігін зерттеп жатыр. Бұл туралы Politico басылымы ішкі дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады.

Әзірге нақты шешім қабылданған жоқ, бірақ кейбір шенеуніктер бұл қадамды қолдап отыр. Олардың қатарында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио да бар.

Егер бұл жоспар жүзеге асса, ол Куба экономикасына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Мұнай жеткізудің тоқтатылуы елдің энергия жүйесі мен әлеуметтік өміріне ауыр соққы болары сөзсіз.

Еске сала кетсек, қаңтар айының басында Трамп Венесуэладан Кубаға кететін мұнай мен қаржыны тоқтататынын мәлімдеген болатын. Бұл елдің басты одақтасы саналатын Венесуэланың мұнай көздері тоқтағаннан кейін, Кубаға қысым күшейетін болады.

Мамандар мұндай қоршаудың Куба тұрғындары үшін қиындық тудыратынын ескертіп, гуманитарлық дағдарыс қаупіне назар аударады.

Тарихқа көз салсақ, АҚШ пен Куба арасындағы экономикалық шектеулер 1960 жылдардан бері жалғасып келеді. Мұнай және энергетикалық ресурстардың жеткізілуі тоқтауы – елдің күнделікті өмірі мен экономикасына тікелей әсер ететін маңызды фактор.

АҚШ жыл соңына дейін Куба билігін ауыстыруды көздеп отыр. Президент Дональд Трамптың командасы қазірдің өзінде әрекетке көшкен.