
Копи-лювак (индонезиялық kopi luwak) – өндіріс тәсілімен ерекшеленетін, әлемдегі ең қымбат кофелердің бірі. Бұл кофе түрі мусанг атты мысық тектес жануардың ас қорыту жүйесінен өткен кофe дәндерінен дайындалады.
Копи-лювак негізінен Индонезия, Филиппин, Оңтүстік Үндістан және Вьетнамда өндіріледі. Табиғи жағдайда жиналған бұл кофенің бағасы 1 келісі шамамен 1300 долларға дейін жетеді.
Қалай өндіріледі
Мусангтар кофe ағашының піскен, әрі сапалы дәндерін жейді. Жануар жемістің жұмсағын қорытып, ал дәндері ас қорыту жолынан өзгеріске ұшыраған күйде сыртқа шығарылады. Кейін бұл дәндерді адамдар жинап, жуып, күнге кептіреді.
Ерекше дәмнің сыры неде
Копи-лювактың ерекше дәмі қышқылдық және ферментативтік әсердің қосындысымен түсіндіріледі. Мусангтың асқазан сөлі мен ферменттері кофe дәнінің қабығы арқылы өтіп, ондағы ақуыздарды ыдыратады. Соның нәтижесінде аминқышқылдарының құрамы өзгеріп, дәннің хош иісі мен дәмі қалыптасады.
Қуыру кезінде дәндерде Майяр реакциясы жүреді, бұл кофенің хош иісін одан әрі байыта түседі. Сонымен қатар мусангтың асқазан-ішек жолындағы бактериялар мен бездерінен бөлінетін цибетин заты да дәмге әсер етуі мүмкін.
Алғашында копи-лювактың өндіріс көлемі жылына бірнеше жүз келіден аспаған. Алайда бүгінде бұл кофе арнайы фермаларда жаппай өндіріліп жатыр. Мұндай фермаларда мусангтар торда ұсталып, еркін қозғалу және жемісті өз бетінше таңдау мүмкіндігінен айырылады.
Бұл жағдайда жануарлар өздері қалаған жемісті емес, берілген азықты жеуге мәжбүр. Рационның табиғи ортадан айырмашылығы кофенің дәміне де әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар қазір цибетин арқылы жасанды хош иістендіру әдістері де қолданылып жүр.
Осылайша әлемдегі ең қымбат кофе, ерешке жолмен өндіріледі.