«Нағыз найманның келіні»: Айдын Рахымбаевтың әйелі Билл Гейтспен кездесті

Кәсіпкер Айдын Рахымбаев әлеуметтік желіде жұбайы Анар Рахымбаеваның жетістігі туралы әсерлі жазба жариялады. Оның айтуынша, Анар Рахымбаева Давос экономикалық форумына ЮНИСЕФ желісі арқылы арнайы шақыртумен қатысқан.
Форум аясында өткен бірнеше кездесуден кейін Анар Рахымбаева әлемдегі ең бай адамдардың бірі – Билл Гейтспен өткен жабық форматтағы қайырымдылық түскі асқа шақырылған 15 адамның қатарына енген. Ең бастысы, Рахымбаева танысып қана қоймай, Қазақстандағы балаларға арналған жобалар туралы жан-жақты баяндап берген. Кездесу нәтижесінде Анар Рахымбаева АҚШ-та өтетін ірі халықаралық іс-шараға арнайы шақырту алды.
Айдын Рахымбаев бұл сәтті әзілмен әрі мақтанышпен жеткізді:
«Билл Гейтспен танысу, менің арманым еді. Ал әйелім маған: «Сен үшін арнайы суретке түсіп, шақырту да алып қойдым», – деді», – деп жазды кәсіпкер.
Айта кетейік, Анар Рахымбаева – жеті баланың анасы. Оның үшеуін балалар үйінен асырап алған. «Аналар үйі» желісінің жетекшісі, кәсіпкер әрі меценат ретінде елімізде аналар мен балаларды қолдауға бағытталған ірі әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып келеді.
«Нағыз найманның келіні, арғынның қызы» деп әзілмен түйіндеді Айдын Рахымбаев жазбасын.
Айдын Рахымбаевпен шаңырақ көтергеннен бері ерлі-зайыптылар өмірдің қуанышы мен сынағын бірге еңсеріп келеді. BI Group компаниясы енді ғана құрылып, Астанада алғашқы құрылыс жобаларын бастаған кезеңде Анар Рахымбаева да компанияда қатар еңбек еткен.
Еске сала кетейік, бұған дейін Kursiv Media қазақстандық байлардың әйелдері немен айналысатынын жазған еді.