
Шымкент қаласында 20 қаңтарда болған жаппай төбелес кезінде қаза тапқан Василий Колесниковтың өліміне қатысты іс бойынша тағы үш күдікті қолға түсті. Бұл туралы марқұмның қорғаушысы Талғат Есімов хабарлады.
Адвокаттың айтуынша, күдіктілер Түркістан облысы Түлкібас ауданында бой тасалап жүрген. Бұған дейін жаппай төбелеске қатысқан бірнеше адам қамауға алынған, алайда қалғандарын іздестіру жұмыстары жалғасқан.
Еске салайық, 2026 жылғы 20 қаңтарда Шымкент қаласындағы Ерімбетов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында жаппай төбелес орын алды. Оқиға орнынан түсірілген бейнежазбалар әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Төбелес барысында Василий Колесников пышақ жарақатын алып, оқиға орнында көз жұмды.
Аталған дерек бойынша «Адам өлтіру», «Қару қолдану арқылы бұзақылық» және «Адам ұрлау» баптары бойынша үш бірдей қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысын Ішкі істер министрлігінің орталық аппараты бақылауына алып, Шымкентке қылмыстық полиция, тергеу департаменті және ішкі қауіпсіздік департаментінің басшылары жіберілді.