
Астанада тұтынушылық және автонесиелеу саласындағы алаяқтыққа қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне қатысты айыптау үкімі шығарылды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Қылмыстық топ өкілдері азаматтарға қолданыстағы несиелерін өтеуге көмектесеміз деген желеумен әрекет еткен. Оның орнына жәбірленушілерге жаңа несиелерді, соның ішінде автонесиелерді рәсімдеуді ұсынып, төлемдерді өздері жүргізетінін уәде еткен.
«Алаяқтар азаматтарға қолданыстағы тұтынушылық несиелерді «есептен шығару» қызметін ұсынған. Оның орнына жәбірленушілерге жаңа кредиттік шарттар, соның ішінде автонесиелер рәсімдеуді ұсынып, ай сайынғы төлемдерді өздері төлейміз деп уәде берген. Алайда уәделер орындалмай, жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығын көлемі 240 млн теңгеден асты», – делінген хабарламада.
Алаяқтық схеманың құрбандары көбіне мүмкіндігі шектеулі жандар мен табысы төмен азаматтар болған.
Қылмыстық топтың ұйымдастырушысы 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал оның сыбайластары 6 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге сотталды.