4,5 млрд теңге шығын: өз өндірісі бар деген жалған құжатпен мемлекеттен қаржы алған

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: ашық дереккөз, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«OrdaMed» компанияcы Қазақстан аумағында өз өндірісі бар деген жалған құжат жасап, мемлекеттен қаржылай көмек алып келген. Бұл туралы Ұлтты қауіпсіздік комитеті хабарлады.

Аталған құжаттар негізінде «OrdaMed» АҚ халықтың денсаулығын қамтамасыз ету үшін аса қажет саналатын 28 түрлі медициналық жабдықты аурухана мен емханаларға жеңілдетілген шарттармен жеткізу құқығына ие болған. Алайда тексеру барысында бұл медициналық техника мен құрал-жабдықтардың шетелден дайын күйінде әкелінгені анықталды.

Тергеу деректеріне сүйенсек, заңсыз преференция алу салдарынан мемлекетке 4,5 млрд теңге көлемінде материалдық залал келтірілген. Жүргізілген тінту шаралары кезінде «OrdaMed» АҚ басшылығынан құны 1 млрд теңгеден асатын инвестициялық монета тәркіленді.

Сонымен қатар «Interdentica», «Erkin Brand» және «OrdaMed» компанияларындағы қатысу үлестеріне шектеу қойылып, оларды иеліктен шығаруға тыйым салынды.

Соттың санкциясымен «OrdaMed» АҚ-ның техникалық директоры, бұрынғы басқарма төрағасы және өндірістік басқарма басшысы қамауға алынды. Қазіргі уақытта іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, аталған іс бойынша өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Е-gov дерегі бойынша, компания басшысы және негізін қалаушы – Еркін Ділімбетов.

Сондай-ақ оқыңыз