
KeshYou тобының экс-мүшесі, әнші Кәмшат Жолдыбаева Instagram парақшасында әйелдерден құралған жамағат құру туралы ойы барын бөлісті. Айтуынша, осы комьюнитиге қосылатын қыз-келіншектерді өзі іріктеп алады.
«Қыз-келіншектерді іріктеп алып, бір ай шамасында (әзірге) бірнеше рет кездесіп, әдемі әйел жамағатын құрғым келеді. Ол жерде тәніміздің, табиғатымыздың сұлулығын ашатын әңгіме айтамыз. Бәлкім, топтық консультация түрінде өтіп қалар. Одан кейін тыныс алу, созылу, би билеу сияқты практикалармен жалғасатын керемет кездесулер өткізгім келеді. Бұл әзірге тек ниет ретінде бар. Сіздер қалай ойлайсыздар? Осы жерге келгенде әйелдер шабыт алып, жақсы энергия алатын кездесулер өткізсем деймін», – деп жазды Жолдыбаева.
Сол жазбаның астына мыңға жуық пікір жазылған. Ішінде қолдап, жақсы бастама екенін айтып жатқандар аз емес. Десе де, арасында «жамағаты несі», «жамағат дегені ұнамайды» деп сол сөзге шүйлігіп жатқандар бар. «Хиджабты қалай шешу туралы, сосын жамағат жинап, артынан уағыз айтып, оның артынан би билеп дискотекаға барамыз ба сонда, не істейміз? Ақыл-кеңесіңізді тыңдағанға ақша төлейміз бе?», «Көп той жоқ, шақырмайды. Елдің бәрі коуч болып ақша тауып жатыр миллиондап. Енді бұл да өзінше бірдеңе тапқысы келіп жыбырлап отыр ғой аяқ-астынан коуч болып кетуге ұялыңқырап. Мүләйімсімей маған ақша керек, мен психолог-коуч болам десей қысқасы», – деген сыңайда жазылған пікірлер де бар.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін 2025 жылы балалы болған жұлдыздар туралы жазған едік.