Жаңалықтар

Алматыда синтетикалық есірткі таратқан топ ұсталды

Тәркіленген зат аса қауіпті синтетикалық есірткі альфа-PVP санатына жатады / фото: Polisia.kz
Тәркіленген зат аса қауіпті синтетикалық есірткі альфа-PVP санатына жатады / фото: Polisia.kz

Алматыда полиция қызметкерлері синтетикалық есірткі құралдарын таратумен айналысқан бір топ адамды ұстады.

Polisia.kz хабарлауынша, күдіктілер жедел-іздестіру іс-шаралары барысында құрыққа іліккен. Тінту кезінде таратуға дайындалған ұнтақ тәрізді зат салынған орамалар тәркіленді. Алынған психоактивті заттардың жалпы саны – 19 орама.

Сот сараптамасының қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат аса қауіпті синтетикалық есірткі альфа-PVP санатына жатады. Ол азаматтардың өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіреді.

Тергеу барысында ұсталғандар интернет-наркодүкеннің нұсқауымен әрекет еткен таратушылар болғаны анықталды. Әрбір «көмбе» үшін берілетін сыйақы цифрлық платформалар мен электронды әмияндар арқылы аударылып отырған. Бұл – ұйымдастырушылардың өз қатысын жасыру үшін кеңінен қолданатын схемасы.

«Бүгінде наркобизнес «жеңіл табыс» ретінде жиі бүркемеленеді. Жастарды интернет арқылы тартып, тез ақша мен толық анонимділік уәде етеді. Алайда іс жүзінде бәрі бір сценариймен аяқталады. Ұсталу, қылмыстық жауапкершілік және тағдырдың тас-талқаны шығуы. Полиция мұндай арналарды адам қылмыстық схемаға бірнеше ай немесе небәрі бірнеше күн қатысқанына қарамастан, жүйелі түрде анықтап, жолын кеседі», – деді Алматы қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.

Полиция өкілдері есірткінің заңсыз айналымына, тіпті курьер немесе «көмбеші» ретінде қатысудың өзі ауыр қылмыс саналатынын және қатаң жауапкершілікке әкелетінін атап өтті.

Мұның алдында Алматыдағы түнгі клубтардың бірінде есірткі таратқан ас үй қызметкері ұсталған болатын.