Бас прокурорды президенттің келісімінсіз ұстауға болмайды – Әділет министрі
Жарияланды

Конституцияның 83-бабынан «Бас прокурор өкілеттігінің мерзімі – бес жыл» деген жолдарды алып тастау ұсынылып отыр.
Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев жаңа заңға Бас прокурорды қорғауға қатысты өзгеріс енгізілетінін айтты.
«Бас прокурорды қызметін атқарып жатқан уақытта президенттің келісімінсіз ұстауға, күштеп әкелуге, әкімшілік жаза қолдануға, қылмыстық жауапқа тартуға болмайды», – деді Сәрсембаев.
Алайда Бас прокурорды қылмыс орнында ұстауға, ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған жағдайда ұстауға тыйым салынбайды.
Бұл талап Конституциялық сот төрағасы мен судьяларына, барлық тұрақты судьяға, елдегі адам құқықтары жөніндегі уәкілге де қатысты қолданылады.