
Болгарияда тарихи жағдай болды. Алғаш рет әйел адам президент атанды. Илияна Йотова ресми түрде жұмысына кірісті деп хабарлайды Kursiv.Media.
Осыған дейін Болгарияның бұрынғы президенті Румен Радев халыққа үндеу жасап, мерзімінен бұрын отставкаға кететінін жариялаған. 20 қаңтарда ол Конституциялық сотқа ресми арыз берді. Сот оның бұл шешімді өз еркімен қабылдағанын растап, Радевтің өкілеттігін тоқтатты.
Енді заң бойынша мемлекет басшысының міндетін Илияна Йотова атқарады. Ол жаңа президент сайланғанша осы қызметте болады.
«Сот шешіміне және Конституция ережелеріне сәйкес, вице-президент мандат мерзімі аяқталғанға дейін президент лауазымына кіріседі. Қазіргі уақытта Болгарияның вице-президенті – Илияна Йотова. Осылайша, Болгария өз тарихында тұңғыш рет әйел президентке және қарулы күштердің жоғарғы бас қолбасшысына ие болды», – деп хабарлайды Болгария радиосы.
Илияна Йотова 2017 жылдан бері Болгарияның вице-президенті, Болгария парламентінің депутаты болған. Білім беру, мәдениет, әлеуметтік саясат және халықаралық қатынастар мәселелерін жиі көтерген.