
Бұрын Әлия Назарбаеваның компанияларына қатысты болған Astana Recycling Plant компаниясына қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару, сұрыптау және қайта өңдеу қызметтеріне тарифтерді көтергені үшін 54 млн теңгеге айыппұл салынды. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі хабарлады.
Монополияға қарсы орган ақпаратына сүйенсек, компания қызметтердің өзіндік құнына қоқысты қайта өңдеуге жатпайтын шығындарды енгізді. Нәтижесінде нарық үшін тарифтер негізсіз қымбаттады. Ведомство шешімімен Астананың әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты келісіп, айыппұл тағайындады. Агенттік, сондай-ақ, бұл сома толығымен төленгенін нақтылады.
Қазір Astana Recycling Plant құрылтайшысы Virida Group компаниясы. Оның үш иесі бар-» Жасыл Полигон»,» А-20 Басқарушы компаниясы» және кәсіпкер Мақсат Шәкіртов. Бұл ретте «А-20 Басқарушы компаниясы» Президент іс басқармасының қарауындағы «Астана-20» мемлекеттік қорына тиесілі.
Агенттік бұл айыппұл 2023 жылғы құқық бұзушылықтарға салынғанына назар аударады. Айта кетейік, 2025 жылдың мамыр айына дейін Astana Recycling Plant Назарбаевамен байланысты Green Future Management Ltd меншігінде болды.
Компания бұрын «Оператор РОП» және қайта өңдеу жүйесі ісі кезінде аталған. Бұл ретте Назарбаеваның тергеуге іліккені немесе қатысы болмағаны туралы ешқандай мәлімет жоқ.