Екібастұзда екі күнде екі жасөспірім қайтыс болып, тергеу басталды
Жарияланды

Екібастұзда екі күн ішінде бұрын бір сыныпта оқыған 17 жастағы екі жасөспірім қыз бен жігіт өз-өзіне қол жұмсады. Қайғылы оқиғаның мән-жайын полиция тергеп жатыр.
Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен хабарлауынша, екі жағдай бойынша да сотқа дейінгі тергеу басталды.
«Полиция өз-өзіне қол жұмсау фактілері бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталатын болады», – делінген хабарламада.
Жасөспірімдердің өлімі туралы алғашқы хабарламалар әлеуметтік желіде пайда болды. Кейінірек қайтыс болғандардың дос болғаны белгілі болды. Олардың бірі мектепте, екіншісі колледжде оқыған. Екеуі де өз үйінде өмірін қиды, денелерін туыстары тапқан. Қыз жас жігіттен екі күн өткен соң қайтыс болды.