Миллиардер Балушкиннен бұғатталған активтер мемлекетке әлі беріліп бітпей жатыр

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: kursiv.media мұрағаты

Үкімет басшысы Олжас Бектенов депутаттарға берген жауабында сырттай сотталған өскемендік миллиардер Анатолий Балушкиннің активтері әлі мемлекетке беріліп бітпей жатқанын айтты.

Премьер-министрдің жауабында «Азия Авто» АҚ-ның барлық мүлкіне тыйым салынғаны, сот үкімі мен сот актілері орындалу сатысында екені айтылған.

Қазір Шығыс Қазақстан облысы Әділет департаментінің мемлекеттік сот орындаушыларының өндірісінде 30 атқарушылық іс бар.

«Азия Авто Қазақстан» АҚ аяқталмаған зауытына, жер телімдеріне, ғимараттар мен құрылыстарға, сондай-ақ тауарлық-материалдық құндылықтарға қатысты оларды мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органның қарамағына беру шаралары қабылданып жатыр.

«Ал мүлікті тәркілеу мәселесі бойынша қылмыстық іске қатысты сот үкімі немесе мүлікті мемлекет меншігіне беру туралы шешім негізінде, тыйым салынған мүлікті іске асыру немесе пайдалану қағидаларына сәйкес шаралар қабылданады. Белгіленген талаптарға сәйкес, «Азия Авто Қазақстан» АҚ зауыты аяқталмаған құрылыс нысаны болғандықтан, ол мемлекеттік заңды тұлғалардың балансына берілмейді», – делінген премьер-министрдің жауабында.

Отандық және шетелдік компаниялар аяқталмаған зауыт алаңына өз жобаларын орналастыру мүмкіндігін қарастырып, инвестициялық қызығушылық танытып отыр. Бұл нысанды Шығыс Қазақстан облысының өнеркәсіптік дамуына тартуға мүмкіндік береді. Осыған байланысты көрсетілген өндірістік активтерді одан әрі пайдалану және инвесторлар тарту мәселесі атқарушылық өндіріс аяқталып, мүлік мемлекет меншігіне өткеннен кейін қаралады.

Бұған дейін Kursiv.media басылымы 2025 жылдың 16 сәуірінде «Бипек – Авто – Азия Авто» тобының бұрынғы басшысы Анатолий Балушкин мен Ерік Сағымбаевқа сырттай үкім шығарылғанын жазған. Балушкин Қазақстандағы 2 млрд теңгеден астам мүлкінен айырылды.

Сондай-ақ оқыңыз