Құны екі есе қымбаттаған: түрік инвесторы Алматыда желатин өндіретін зауыт салады

Түркияның Iskefe Holding компаниясы Алматы қаласында тағамға қосатын желатин мен коллаген өндіретін зауыттың құрылысын бастады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.
Жобаны холдингтің Қазақстандағы еншілес компаниясы – Halavet KZ жүзеге асырып жатыр. Инвестиция көлемі 60 млн АҚШ долларын құрайды (Қазіргі курспен 30,2 млрд теңге). Зауытқа салынатын инвестиция екі есе қымбаттаған. Инвестор әу баста 9,8 млрд теңге инвестиция салады деп жоспарланған.
Жаңа өндіріс орны ірі қара малдың терісін қайта өңдеу арқылы желатин мен коллаген өндіруге бағытталған. Бұл өнімдер тағам өнеркәсібі, фармацевтика мен косметика саласында кеңінен қолданылады. Зауытта заманауи технологиялар енгізіліп, халықаралық сапа стандарттары мен экологиялық талаптар қатаң сақталмақ.
Кәсіпорын өнімдері ішкі нарықты қамтамасыз етуге және экспортқа шығаруға жоспарланған. Бұл жоба Қазақстанда мал шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу саласындағы тапшылықты азайтып, дайын өнім өндіру арқылы ел ішінде қосылған құнды арттыруға мүмкіндік береді.
Бұған дейін зауыт жылына 7 мың тонна желатин өндіруге есептелгені хабарланған болатын. Жобаны іске қосу бастапқыда 2024 жылға жоспарланғанымен, түрлі себептерге байланысты кейінге шегерілген.
Iskefe Holding – желатин және коллаген өндірумен қатар, тағамдық қоспа, протеин мен табиғи ақуызд шығаратын халықаралық компания.