Жаңалықтар

Қазақстанның сыртқы борышы: кімнен алдық, қайда жұмсадық

Қазақстанның сыртқы қарызы қанша?/фото: shutterstock.com

Мемлекеттің сыртқы борышы  қоғамда ең көп эмоция тудыратын тақырыптардың бірі. Біреулер оны «болашақтың мойнындағы қамыт» десе, енді бірі экономиканы алға сүйрейтін қаржы тетігі ретінде қабылдайды. Шындық, әдеттегідей, осы екі ұстанымның ортасында. Қарыздың өзі емес, оның көлемі, құрылымы және қалай пайдаланылғаны маңызды.

2025 жылдың қазан айындағы дерек Қазақстан үшін бұл тақырыпты қайтадан күн тәртібіне шығарды. Себебі мемлекеттік сектордың борышы айтарлықтай деңгейге жетіп, экономиканың барлық саласына жанама әсер етіп отыр.

ИНФОГРАФИКА 01: Мемлекеттік борыш картасы

64,7 млрд доллар: цифрдың ар жағындағы салмақ

Қазіргі таңда Қазақстанның мемлекеттік борышы 64,7 млрд долларды құрайды. Бұл – ел экономикасының жалпы көлемімен салыстырғанда аса қауіпті деңгей емес, бірақ бейжай қарауға да болмайтын көрсеткіш. Борыштың ЖІӨ-ге қатынасы 21,1%, яғни халықаралық өлшемдер бойынша «қауіпсіз аймақта».

Борыштың негізгі бөлігі – үкіметтің міндеттемелері (шамамен 94%). Қалғаны жергілікті атқарушы органдар мен мемлекет кепілдік берген қарыздарға тиесілі. Бұл – қарыз жүктемесінің орталықтандырылғанын көрсетеді. Яғни негізгі жауапкершілік республикалық бюджетке түсіп отыр.

Ішкі және сыртқы қарыздың арақатынасы да маңызды. Жалпы мемлекеттік борыштың шамамен үштен бірі – сыртқы қарыз. Бұл валюталық тәуекел бар деген сөз, бірақ сонымен бірге ұзақ мерзімді әрі салыстырмалы түрде арзан қаржы тарту мүмкіндігін де білдіреді.

ИНФОГРАФИКА 02: Мемлекеттік борыш: қай елдерге қарызбыз?

Кімнен қарыз алдық: география не айтады?

Қазақстанның сыртқы борышының ең ірі кредиторы – халықаралық қаржы ұйымдары. Бізге қарыз беретін институционалдық кредиторлар-  Дүниежүзілік банк, ХВҚ, Азия даму банк және өзге де институттар қарыз береді.  Олардың үлесі басым әрі бұл кездейсоқ емес. Мұндай институттар әдетте ұзақ мерзімге, төмен пайызбен және белгілі бір реформаларға бағытталған қаржы ұсынады. Бұл – бір жағынан тұрақтылық, екінші жағынан белгілі бір міндеттемелер.

Елдер бойынша қарасақ, борыштың едәуір бөлігі Ресей, Люксембург, Франция, БАӘ және АҚШ секілді мемлекеттермен байланысты. Бұл тізім Қазақстанның сыртқы қаржылық байланыстарының векторын да аңғартады: Еуропа, Таяу Шығыс және ірі қаржы орталықтары.

Айта кетерлігі, бірқатар елдерден алынған қарыз көлемі символикалық деңгейде ғана. Бұл Қазақстанның қарыз портфелі тым шашыраңқы емес екенін, керісінше ірі әрі институционалдық кредиторларға сүйенетінін көрсетеді.

ИНФОГРАФИКА 03: Мемлекеттік борыш: доллар валютасы үстем

Валюта факторы: доллар үстемдігі нені білдіреді?

Сыртқы борыштың құрылымында АҚШ долларының үлесі – 57,6%. Бұл – негізгі әрі шешуші валюта. Демек қоржынның қалған бөлігі еуро, теңге, жапон иенасы, швейцар франкі, рубль және SDR құралдарынан тұрады.

Доллардың басымдығы – екіұшты фактор. Бір жағынан, бұл халықаралық есеп айырысуда ыңғайлы және нарықта өтімді валюта. Екінші жағынан, теңгенің әлсіреуі борыштық жүктемені автоматты түрде арттырады. Сондықтан валюталық құрылым – макроэкономикалық тұрақтылықпен тікелей байланысты.

Теңгедегі міндеттемелердің үлесі салыстырмалы түрде аз болғанымен, бұл ішкі нарықты дамытуға деген ұмтылысты да көрсетеді. Ал көпвалюталы құрылым тәуекелді белгілі бір деңгейде әртараптандыруға мүмкіндік береді.

ИНФОГРАФИКА 04: Мемлекеттік борыш қайда жұмсалуда?

Қарыз қайда кетті: бюджет «жарасын» жамау ма, даму ма?

Алынған қаражаттың бағыты – ең маңызды сұрақ. Себебі қарызды ақтайтын жалғыз нәрсе – оның экономикалық қайтарымы.

Деректерге сүйенсек, қаржының ең үлкен бөлігі мемлекеттік басқару саласына бағытталған. Бұл – әлеуметтік міндеттемелер, инфрақұрылым, әкімшілік шығындар. Үлесі шамамен жалпы көлемнің үштен біріне жуық.

Одан кейін қаржы және сақтандыру қызметі, сондай-ақ кәсіби, ғылыми және техникалық қызметтер тұр. Бұл салалар ұзақ мерзімді институционалдық дамуға әсер ететін бағыттар саналады.

Өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік және қоймалау салалары да қаржыдан тыс қалмаған. Дегенмен олардың үлесі салыстырмалы түрде төмен. Ал сауда мен өзге салалар – ең аз қаржыландырылған бағыттар қатарында.

Бұл құрылым бір нәрсені анық көрсетеді: қарыздың едәуір бөлігі экономиканы кеңейтуден гөрі, оны ұстап тұруға жұмсалып отыр.

Қорытынды: қарыз – қауіп емес, бірақ сигнал

Қазақстанның мемлекеттік сыртқы борышы әзірге бақылаудан шыққан жоқ. Халықаралық өлшемдер бойынша ол қалыпты деңгейде. Алайда құрылымына үңілсек, бірнеше маңызды сигналды көруге болады.

Біріншіден, валюта тәуекелі бар. Екіншіден, қарыздың едәуір бөлігі тікелей экономикалық өсім бермейтін салаларға бағытталған. Үшіншіден, сыртқы кредиторларға тәуелділік сақталып отыр.

Қарыз – үкім емес. Ол – құрал. Бірақ кез келген құрал сияқты, оны қалай және қайда қолданған маңызды. Егер қарыз есебінен өндіріс, экспорт пен өнімділік артпаса, ертеңгі күні бүгінгі «қауіпсіз 21%» әлдеқайда ауыр жүкке айналуы мүмкін.

Мемлекеттік борыш – тек экономистердің емес, бүкіл қоғамның назарында болуы тиіс тақырып. Себебі бұл қарызды бір ғана министрлік емес, ертеңгі салық төлеуші – бүкіл ел бірге өтейді.