
Алтынның биржадағы бағасы алғаш рет бір унциясы үшін 5 мың доллардан асып, тарихи өсімін жалғастырды. Соның нәтижесінде 2025 жылы қымбат металдың құны 60 пайыздан астам деңгейде қымбаттап отыр. Бұл нендей фактор екенін әрі Қазақстанның экономикасына қалай әсер ететінін Kursiv.Media сарапшылардан сұрап көрді.
Трамптың саясаты белгісіз болжамды күшейтті
ВВС мәліметінше, жағдай АҚШ пен НАТО арасындағы Гренландияға қатысты шиеленістің күшеюімен тұспа-тұс келіп отыр. Аталған ахуал қаржылық әрі геосаяси белгісіздікті күшейткен. АҚШ президенті Дональд Трамптың сауда саясаты да нарықтағы тұрақсыздықты үдеткен. Ол сенбі күні Канада Қытаймен сауда келісімін жасайтын болса, «бұл елге 100 пайыздық баж салығын енгіземін» деп мәлімдеді.
Алтын мен өзге де қымбат металдар дәстүрлі түрде инвесторлар үшін тұрақсыз кезеңдерде қорғаныш активі саналады. Жұма күні күмістің бағасы алғаш рет бір унциясы үшін 100 доллардан асып, былтырдан бері шамамен 150 пайызға жуық өскен өсімін жалғастырды. Қымбат металдарға деген сұранысқа әдеттегіден жоғары инфляция, АҚШ долларының әлсіреуі, әлем елдерінің орталық банктері тарапынан жүргізіліп жатқан саудалары, сондай-ақ АҚШ федералдық резерв жүйесінің биыл пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуі мүмкін деген болжам да әсер етіп отыр.
Украина мен Газадағы соғыстар, сондай-ақ Вашингтонның Венесуэла президенті Николас Мадуроға қатысты әрекеттері де алтын бағасының өсуіне ықпал еткен факторлардың қатарында.
1979 жылдан бергі ең жоғары өсім
«Алтынға иелік еткен кезде ол облигациялар мен акциялар сияқты басқа адамдардың қарыздарына тәуелді болмайды. Ал олардың кірістілігі компания қызметінің нәтижесіне байланысты. Бұл – өте белгісіз әлем жағдайында әртараптандыру үшін шынымен де тиімді құрал», – деді Николас Фраппелл ABC Refinery компаниясынан.
2025 жыл алтын үшін рекордтық кезең болды: инвесторлардың жаппай қымбат металдарға бет бұруы нәтижесінде алтын 1979 жылдан бергі ең жоғары жылдық өсімді көрсетті. Трамптың баж салығын енгізуіне қатысты алаңдаушылық пен жасанды интеллектімен байланысты компаниялар акцияларының шамадан тыс бағалануы аясында қаржы нарықтарында үрей күшейіп, алтын бірнеше мәрте жаңа тарихи максимумдарға жетті.
Қазақстан экономикасына әсері
Қазақстанның халықаралық резервтерін басқаратын Ұлттық банк алтынды стратегиялық резерв ретінде пайдаланады. Яғни Қазақстанның халықаралық резервтерінің маңызды бөлігі алтыннан тұрады. Алтын Ұлттық банктің алтын-валюта резервтерінде сақталады. Әлемде алтын бағасы қымбаттап жатқанда бұл жағдай Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді? Бұл сұрақты Kursiv.media тілшісі бірнеше экономиске қойып көрді. Әуелі экономист Сапарбай Жобаевтың пікірін білген.
«Алтын бағасының өсуі Қазақстан экономикасына оң әсер етеді. Оның екі себебі бар. Біріншіден, біз көп алтын өндіретін мемлекеттердің қатарындамыз. 120-130 тонна алтын өндіреміз. Яғни, алтынның бағасы қымбаттаған сайын өндірушілердің пайдасы мен инвестициялық мүмкіндіктері артады. Екіншіден, Қазақстанның Ұлттық банкінің алтын-валюта қорының 55-60 пайызын алтында ұстап отырмыз. Себебі Халықаралық валюта қорының талабы – сол. Ол ұйымға біз тоқсаныншы жылдары мүше болған кезімізде ХВҚ алтыннан қор ұстау керектігін, оның мөлшері 6-9 айлық импорттқа жету керек деп талап қойған. Яғни, 55-66 млрд доллардың 40 млрд долларға жуығы алтында. 380 тоннаға жақын. Осы қордың құны өсіп, инвестициялық және қаржылық әлеуетімізді арттырып отыр», – дейді Сапарбай Жобаев.
Сарапшының пікірінше, әлемде ақша массасы көбейіп кеткен. Доллар, еуро, теңге болсын – көбейсе инфляцияны туғызады. Алайда дамыған елдерде ақша инвестиция ретінде дамушы мемлекеттерге өтеді. Артынша бұл фактор инфляцияны туғызуы мүмкін.
«Көп ақшаны сәл де болса әсерін азайту үшін көп инвестор алтын сатып алады. Кемі күміс немесе сирек кездесетін металдарды алып, ақшасын сенімді қорда ұстағысы келеді. Кезінде Швейцария билігі 8 мың тонна алтын жинаған. Кейін олар оны бекер ұстамай, сатамыз деп, нарыққа 6 мың тонна алтын шығарғанда алтынның бағасы жасанды түрде төмендеп кеткен. Енді бағасы қайтып келіп жатыр. Әлемдегі дүрбелең қазір үлкен инвестициялық жобаларды қаржыландырғаннан гөрі алтын алғанды оң көреді. Мұнай өндіруге ақша салғаннан гөрі алтынға ақша салған жақсы. Себебі ертең мұнайға сұраныс болмай қалуы мүмкін. Соғыстар, қақтығыстар, геосаяси келеңсіздер де әлемнің инвесторларын алтынға итермелейді. Сондықтан алтынның бағасы өсіп жатыр», – дейді ол.
Сапарбай Жобаев алтын қымбаттаған сайын, Қазақстанның алтын-валюта қоры көбейе беретінін мәлім етті. «Көбейгені жақсы» деп түйді сөзін сарапшы.
Теңгені әлсіретуі мүмкін
Ал белгілі экономист Мақсат Халық алтын бағасының рекордтық деңгейге көтерілуі – әлемде белгілі бір сын-қатерлердің күшейгенін көрсететінін атап өтті.
Оның сөзінше, инвесторлар қаржысын сақтап қалу үшін алтынды көбірек сатып алып жатыр. Демек, жаһандық нарықта қаржы дағдарысы болуы мүмкін деген болжамның да негізі бар. Бұл жағдайды соның бір белгісі деуге болады.
«Ал Қазақстан жағдайына келсек, Ұлттық банктің алтын резерві бар, әрі ол соңғы жылдары едәуір көлемде жинақталған. Сондықтан алтын бағасының өсуі алтын-валюта резервінің құнын арттыруға ықпал етуі мүмкін. Алайда басты назар аударатын мәселе – әлемде алтынның не себепті рекорд жаңартып жатқаны. Геосаяси тұрақсыздық, соғыс болып жатқандығы және экономикалық тәуекелдердің артуы жаһандық қаржы дағдарысы қаупін күшейтеді. Егер мұндай жағдай орын алса, бұл Қазақстан экономикасына да әсер етпей қоймайды. Тіпті теңгенің әлсіреуіне де ықпал етуі мүмкін», – дейді ол.
Айта кетейік, бұған дейін әлемдік қаржы нарығында алтын мен күміс бағасы қымбаттағаны жайлы хабарлаған едік.