
Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Есімханов бастығы Серік Сәпиевпен болған кикілжің жөнінде алғаш рет әлеуметтік желіде жазба қалдырды.
Есімханов ешқандай видеоүндеу жолдаған жоқ. Тек мынадай қысқа жазба қалдырған:
«Қазір әлеуметтік желілер мен БАҚ-та шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат тарап жатыр. Арандатуға ермей, жағдайды ушықтыруға бағытталған әрекеттерге жол бермеуді сұраймын».
Айта кетейік, осыған дейін желіде бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевті орынбасары Дәурен Есімханов ұрып-соққан деген ақпаратпен бейне жазба жария болған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Кейіннен Қазақстан бокс федерациясы мәселеге қатысты мәлімдеме жасап, мемлекеттік қызметшілер мен спорт ұйымдарының басшылығына қатысты күш қолдану немесе қорқыту әрекеттеріне жол берілмейтінін атап өткен. Ал жексенбіде Серік Сәпиев орынбасары Дәурен Есімхановтан «таяқ жеді» деген ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады.