
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев дене шынықтыру және спорт басқармасында орын алған оқиғаға байланысты мәлімдеме жасап, бұл мәселеге қатысты асығыс қорытынды жасауға болмайтынын атап өтті.
Өңір басшысының айтуынша, тексеру мен тергеу толық аяқталғаннан кейін ғана тиісті құқықтық баға беріледі.
Аппараттық кеңес барысында әкім тәртіп бұзушылық фактісі бар екенін мойындап, ол үшін жауапкершілік те қарастырылатынын жеткізді.
Тәртіп бұзушылық бар және ол үшін жауапкершілік те болуы тиіс. Сонымен қатар заң талаптарына қатаң сәйкес, үздіксіз атқарылуы қажет жұмыс бар. Бұл жөнінде біз бұған дейін де ашық мәлімдегенбіз және тағы да қайталап өтемін. Аталған жағдай бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті тексеру жүргізеді, сондай-ақ басқарманың қызметіне кешенді аудит жасалады. Қазіргі уақытта оқиға фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр, әрбір әрекетке құқықтық баға беріледі, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Облыс әкімі барлық мемлекеттік қызметші заң талаптары мен қызметтік әдеп нормаларын қатаң сақтауға тиіс екенін ерекше атап өтті.
Қоғамдағы кез келген келіспеушілік пен жұмыс барысындағы даулы мәселелер тек құқықтық алаңда шешілуі қажет. Әрбір басшы ұжымдағы тәртіпке, заңның сақталуына және мемлекеттік органның беделіне жеке жауап береді. Мұны баршаңыз естен шығармауларыңыз керек, – деп түйіндеді өңір басшысы.
Айта кетейік, бұған дейін бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевті оның орынбасары Дәурен Есімханов ұрып-соқты деген ақпарат тараған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.