Қазақстанда инвестиция қай салаға көбірек құйылды – 2025 жылдың рейтингі

Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 22,7 трлн теңгеге жетті. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 13 пайызға жоғары. Ranking зерттеушілері осы ретте қай салада ерекше инвестициялық белсенділік байқалғанын талдап шыққан.
Ranking зерттеушілерінің мәліметінше, инвестициялардың жалпы көлемінің 66,1 пайызы ғимараттар мен құрылыстарды салу және күрделі жөндеу жұмыстарына жұмсалса, 29,4 пайызы машиналарды, жабдықтар мен көлік құралдарын сатып алуға, сондай-ақ оларды күрделі жөндеуге бағытталды. Қалған 4,5 пайыз өзге шығындарға тиесілі.
2025 жылдың қорытындысы бойынша капитал салымдарының ең жоғары көлемі жылжымайтын мүлікпен операциялар саласына тиесілі болып, 4,1 трлн теңгеге жетті. Жылдық өсім – 10 пайыз.
Екінші орынға көлік және қоймалау секторы (4 трлн теңгеден астам) шықты. Бұл бағыттағы көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 9 пайызға көп. Үздік үштікке сондай-ақ тау-кен өнеркәсібі кірді. Салаға 3,2 трлн теңге инвестиция салынған. Аталған үш сала жиынтығында елдегі барлық инвестициялардың жартысын құраған.
Сондай-ақ капитал салымдарының ең төмен көлемі мына салаларда тіркелді:
- кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет саласында – 77,4 млрд теңге;
- құрылыс саласында – 159,6 млрд теңге;
- әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласында – 177,2 млрд теңге.
Бұдан бөлек, экономиканың салалары бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялардың жылдық динамикасы рейтингіне назар аударайық.
2025 жылы капитал салымдарының көлемі бойынша ең жоғары өсімді қаржы секторы (жылына +88,4%) көрсетті. Екінші орынға коммуналдық-энергетикалық сала (+88,4%.) шықты. Үшінші орын негізгі капиталға салынған инвестициялар өсімі бойынша ауыл, орман және балық шаруашылығы секторына (+53%) тиесілі.
Ал экономиканың екі саласында капитал салымдарының азайғаны байқалды. Атап айтқанда, кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет саласында – 27,6 пайыз (жылына), ал тау-кен өнеркәсібі мен карьерлерді игеру секторында – 15 пайыз көрсеткен.
Осылайша 2025 жылы инвестициялық белсенділік капиталдың жекелеген секторларда шоғырлануымен және салалар арасындағы динамиканың айтарлықтай айырмашылығымен ерекшелнді. Бұл экономикадағы құрылымдық теңсіздіктердің сақталып отырғанын және жекелеген бағыттардың инвестициялық тартымдылығы әртүрлі екенін көрсетеді.