
26 қаңтарда түнде Қырғызстан аумағында жер сілкінді. Бұл туралы Kursiv.Media Қазақ Ұлттық деректер орталығы мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
Ұлттық мекеме мәліметінше, жер сілкінісі дүйсенбі, 26 қаңтар күні Астана уақытымен түнгі сағат 02:54-те болған. Оны орталықтың республикадағы сейсмикалық станциялары тіркеген.
Жер сілкінісінің магнитудасы – 4,4 балл.
Дүмпу ошағы Қырғызстан аумағында, Үзген қаласына жақын маңда орналасқан.

Жерасты дүмпуінің ошағы қазақ-қырғыз шекарасынан, Қордай кеден бекетінен шамамен 200 шақырым жерде жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, 22 қаңтарда Қазақ-қытай шекарасына жақын маңда жер сілкінген.
Қазақстанда сейсмикалық қауіпсіздік талаптары күшейтіліп жатыр. Республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысы сейсмикалық қауіпті аймаққа жатады. Оған Алматы қаласы, сонымен бірге Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Жетісу облыстары да кіреді. Маңғыстау өңірінде де сейсмикалық белсенділік жиі байқалады.