
Үкімет құрамында әйел министрлер көп емес. Мінберден олардың ресми баяндамаларын естіп үйренгенбіз. Ал киім үлгісі мен имиджі қандай? Стилист көмегіне жүгіне ме? Kursiv.Media кәсіби стилист Нұрлы Оқастың көмегімен министр әйелдердің архетипіне, стиліне талдау жасап шықты.
«Көзге түспе, ерекшеленбе»
Қазақстан саясатындағы әйелдер «тым көзге түсе берме» деген кодпен жүреді. Бұл посткеңестік кезеңнен қалып қойған әдет, протоколдан да әрі аса алмайды. Бір-екі рет мидл, люкс сегменттегі киімдерімен көзге түсіп, жаңалыққа шығып, сынға қалғаннан кейін тіпті ерекшеленбеуге тырысады. Стилист Нұрлы Оқас саясаттағы әйелдердің жалпы киім үлгісі туралы осылай айтты.
«Стиль, сән – батылдық. Оған көбі бара бермейді. Министр әйелдер тіпті көп жақындамайды. Біріншіден, протокол, нақты дресс-код деген бар. Екіншіден, қоғамның өзі министрлердің люкс киімі мен бренд акссесуарлары үшін әбден сынға алып тастаған. Барлық әйел тек классикалық, іскерлік бағытта киінеді. Барынша бейтарап түс таңдайды, костюмдер де қатаң пішілген «, – дейді маман.
Дегенмен саясаттағы ханымдарды қымбат киім кигені үшін сынай беруді артық деп санайды.
«Мен қазір осыны айтқаным үшін «халық жауы» болып кететін шығармын. Бірақ менің ойымда оларға (министр әйелдерге – ред.) люкс, қымбат бренд киюге болады деген ұғым бар. Ол киімдер соншалықты миллиард тұрмайды ғой. Тіпті бағасы миллионға да жетпейді. Кейбір көзілдірік, акссесуарлар 200-300 мың теңге айналасында болуы мүмкін. Стиль де – сыртқы имидждің, өзіңді көрсетудің бір бөлігі, Қазақстандағы саясаткерлер имиджді іштей қалайтын да шығар. Бірақ халықтың көзқарасы, журналистердің сыны оны басып тастайды», – деп түсіндірді стилист.
Kursiv.Media өтініші бойынша, Нұрлы Оқас әр министр әйелдің киім үлгісі мен архетипін таңдап, талдап берді.
Архетип – бұл барлық адамдарға ортақ, іштен туа біткен психологиялық бейнелер мен мінез-құлық моделдері.
Твид пиджакты жақсы көретін Аида Балаева
Маман Аида Балаеваны мінезі жұмсақ, эмпатиясы бар саясаткер ретінде сипаттайды. Көбінде ашық түсті киінеді, классикалық, твид пиджактарды жақсы көреді.
«Басқа әйелдерден байқалмайтын бір дүниені Аида Балаевадан көрдім. Ол брошка сияқты аксессуарларды жиі тағып шығады, үйлестіре алады. Бір бейресми жиында ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген бархат көйлегі де есте қалған. Оның әрбір бисері қолдан тігілгені көрініп тұр. Жалпы заманауилықты ұстануға, жаңа дүниелерді бақылап отыруға тырысады», – дейді стилист.
Маманның түсіндіруінше, классикалық стильді «жүйедегі» адамдар ұстанады. Олар кімдер? Мұғалімдер, саясаттағы әйелдер. Дәрігерлер де ресми жиында классикалық киім киеді. Яғни жарқыраған үлгілер жоқ, тек тұрақтылық бар. Көпшілік министр ханымдардың суретін қарасақ, акцентті, ерекше сырғалар байқалмайды. Кішкентай ғана, аса қатты білінбейтін сырғалар тағады. Аида Балаева да осы әдетті ұстанады.
Бірақ ол шаш үлгісімен ерекшеленетінін де айту керек. Ұзақ жылдан бері бір стильге берік. Кей суреттерден оның қызыл далапты жақсы көретінін де байқаймыз.
«Бұл жағынан қатып қалған жүйенің адамы болса да, аздап өзінің өзгешелігін көрсетеді. Өзі тікетайтпаса да өзгелерге құлақ салатынын аңғартады», – дейді стилист.
Ақсүйек Гүлшара Әбдіхалықова мен Ақмарал Әлназарова

Гүлшара Әбдіхалықова қазір саясатта белсенді емес. Бірақ ол Қазақстан саясатындағы облыс әкімі болған алғашқы әйел, еңбек және әлеуметтік қорғау министрі ретінде есте қалды.
«Ол кісі сәннен бұрын батылдығымен көзге түсті. Қаңтар оқиғасы кезінде халық алдына шықпақ болғаны есімде. Батыл саясаткер ретінде нағыз классика типажына жатады. Эмоция көрсетпейді. Көп сұхбаттарын қарадым, қуанып не ренжіп тұрғанын аңғару қиын. Классика типажының ең жоғарғы үлгісі», – деп сипаттайды стилист.
Киіну стилі де ұстамды, классикалық үлгіде. Аида Балаевамен ұқсастығы, екеуінің де бет пішіні жұмсақ. Эмоциясын көрсетпегенмен, эмпаттығы байқалады.
«Саясатта сондай әйелдердің болғаны қуантады. Әйелдер – жұмсақ күш иесі. Эмпат әйелдердің болғаны жақсылық нышаны. Оның үстіне Әбдіхалықовадан ақсүйектік байқалады. Киім киісінде, өзін ұстауында артық әрекет жоқ. Жүріс-тұрысынан ақсүйектік сезіледі, этиканы арнайы бір жерден үйренген тәрізді», – дейді Нұрлы Оқас.
Дәл осындай ұстамдылық пен прагматизм Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровадан байқалады.
«Оны бір кездері Valentino туфлиін киді деп сынаған еді. Бірақ ол брендті мінезі қатал, ұстамды адамдар таңдайды. Министрдің киімдерінің өзі ақ, көк, сұр түсті. Өзіне сенімді әйел, кәсіби ашықтықты бейнелегісі келеді», – деп түсіндіреді министр жайлы Нұрлы Оқас.
Осыған дейін Әлназарованың швейцариялық люкс брендтің сағатын, Fendi cөмкесін таққанын жазған едік.
Қарапайым Зүлфия Сүлейменова

Зүлфия Сүлейменованы экология ведомствосын басқарып, саясаттағы ең жас министр болды деп танимыз. Бірақ оның стилі жоғарыдағы саясаткерлерге мүлдем қарама-қарсы, архетипі – қарапайымдылық.
«Ол – өте қарапайым, ақкөңіл типтегі адам. Алғаш саяси аренаға келген күннен бастап толықтай сенім тудырды. Өзі жас. Ет жемеймін, жануарларға тестілеген косметика пайдаланбаймын, шуба кимеймін деп тағы бір таңғалдырғаны бар. Осындай ерекшелігімен, қарапайымдылығымен халықты баурап алды. Жалпы киім үлгісі де сенім тудырады. Киімдерінің пішімі жұмсақ, дөрекілік, қаттылық жоқ», – дейді маман.
Бірақ бұл имиджді қатты асыра сілтеп жіберсе, қоғам алдында инфантиль болып көрініп қалуы да мүмкін.
«Өрт болған кезде эмоциясын көрсетіп, жылап жібергенін біреулер жақтады, біреулер даттады. Табиғаты сондай жұмсақ тәрізді, архетипінің өзі байқатып тұр. Негізі саясатты өзі адамды қатайтуы керек. Бірақ сол қаттылық жетіспеді ме, жұмсақтық көп», – деп түсіндіреді стилист.
Интеллектуал Жұлдыз Сүлейменова
Керісінше, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованы саясат қатайтқан тәрізді.
«Ол онсыз да батыл әйел. Интеллектісімен, сөз саптауымен көзге түседі. Архетипі – ойшыл, дана. Толық картинаны көре біледі, түйсігі жақсы дамыған әйел сияқты сезіледі. Ойын ашық білдіреді, журналистерге де жауабы дайын», – деп сипаттайды оны Нұрлы Оқас.
Бұрын депутат, қазір министр болғалы оның стилі өзгеріп жатыр. Шаш үлгісіне мән беріп, бұйралап қоятын болған. Жібек шарфтар тағады, ақ, алқызыл пиджактарды көреміз. Оған дейінгі имиджінде көбінде классикалық, бейтарап түстегі костюмдер болды.
«Сүлейменова стилі көз алдымызда жақсарып келе жатқанын байқаймыз. Бәлкім, бұрын оған мән берілмеген шығар. Өзінің кәсібилігі, сөз саптауы, енді киген киімімен де адамды жайландырады. Сондай болу керек те. Кейде тек қанша жақсы жұмыс істесеңіз де, өзіңізді көрсете білмесеңіз, көлеңкеде қалып қоюыңыз мүмкін» – дейді кәсіби стилист.
Іскер әйел бейнесіне сай келетін тағы бір кейіпкер – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мадина Әбілқасымова. Нағыз іскер, өте прагматик, жұмсақтығы аз әйелдің имиждін көрсетеді.
«Басқа әйелдерде алқызыл, ақ ашық түстер көбірек байқалады, оның өзі жылулық береді. Бұл ханымның киімдерінің өзінде қара, сұр көбірек. Өте жабық, киім үлгісінен де қаталдық сезіледі. Киім үлгісі мен түсінің өзі мінез-құлыққа әсер етеді. Әбілқасымованың өз бейнесі бар және одан ауытқып, ерекшеленіп көзге түскісі келмейді», – дейді стилист.
Халық стильді жеңілтектік емес стратегия деп қабылдауы керек.
Нұрлы Оқастың сөзінше, саясаттағы әйелдердің біраз киім үлгісі толықтырылмаған, жаппай стилиске жүгінеді деп айтуға келмейді.
«Жоғарыда айтқандай, сыннан, шудан қорқу деген бар. Тіпті еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың өзі «реплика киемін» деп ашық айтты ғой. Оны да сол шудан қорқу деп қабылдадым. Бірақ халық стильді жеңілтектік, жай киім емес стратегия деп қабылдауы керек. Көпшіліктің назарын аудартамын, сөзім өтімді болсын десе, саяси аренадағы адамдар имиджмейкерлермен жұмыс істеуі қажет», – дейді стилист.
Бұл шетелде қалыпты тәжірибеге айналған. Мәселен, Трамппен бірге президент сайлауына қатысқан Камала Харрис үстіндегі іскерлік костюм, аяғындағы Converse кроссовкасымен есте қалған. Ал Барак Обама сайлау қарсаңындағы сөйлеген сөзінде үнемі ақ, көкшіл түсті жейде киюге тырысатын. Кейде жеңін шынтағына дейін түріп қояды.
«Қарапайым Converse аяқ киімін киюі не ресмиліктен кетіп, жеңін түріп қоюының өзі – белгі. Мен сіздер сияқты киінемін, сіздерге жақынмын дегенді бейсаналы түрде аңғартқысы келеді. Оның барлығы ойластырылған. Өкінішке қарай, бізде әлі ондай ерекше имидж байқалмайды. Протокол, қатаң дресс-кодтан шыға алмайды», – деген пікірде маман.
Стиль – тек люкс бренд кию ғана емес. Оның орнын отандық дизайнерлердің туындысымен, ұлттық нақыштағы дүниемен алмастыруға болады.
«Бізде қазақстандық дизайнерлер өте әдемі киімдер, орамалдар шығарып жатыр. Сондай ұлттық нақыштағы, отандық дүниелерді пайдалануға болады. Кейбір ер адамдар үкіметте тақия киіп отырады ғой. Әйелдер де киім үлгісінде сол нәрсемен ойнауына болады. Көпшілігі бізде акссесуардың құдыретін түсінбейді. Кішкентай брошка немесе шашқа түйетін түйреуіштің өзімен есте қала аласыз», – деп атап өтеді маман.
Бірақ «қысқа кимеу керек, қатты акцент берілмеуі керек» деген стереотиптер саясаттағы әйелдердің стиліне де кейде кедергі болатын тәрізді. Ер мен әйел арасындағы теңсіздік, патриархалдық шектеулер де саясаткерлердің сыртқы бейнесінен сезіледі.
«Ашық дүниеге рұқсат жоқ деп әйелдер түсі өшкен, өлшемсіз немесе біртипті фасондар киіп шығады. Кей костюмдердің пішімі сәннен қалған. Кей саясаткерлер арзан көрінетін текстурадан пиджак киеді. Бірақ арзан мата беделді жеп қоятынын ұмытпау керек. Мүмкін болса, түстермен ойнауға болады. Мәселен, көк сенімділік, ал ақшыл, қоңыр түстер – тұрақтылық білдіреді. Әр түс арқылы мінез-құлықты көрсетуге болады», – деген кеңес береді стилист.
Осыған дейін қазақстандық шенеуніктер қандай сағат тағады деп зерттеп көрген едік. Кейбірінде жай смарт сағат, ал бірінде люкс брендтер де бар екен. Толығырақ мына жерден оқи аласыз.