Тауға қарай бет алған пингвин: желіні жаулаған тренд қайдан шықты

Жарияланды 26 Қаңтар 2026 09:56

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
фото: ЖИ

Әлеуметтік желіде соңғы күндері тауға қарай жалғыз өзі кетіп бара жатқан пингвиннің видеосы кеңінен таралып, жаңа трендке айналды.

Кадрда мұзды жазықта кішкентай пингвин алыс көрінген қарлы тауларға қарай баяу жүріп барады. Бұл көрініс миллиондаған қолданушының жүрегін қозғап, түрлі мағынаға ие болып жатыр.

Пингвиннің видеосы қайдан шықты

Аталған видео желіде мем ретінде танылып үлгерді. Көпшілік оны адамның өмір жолымен, жалғыздықпен, қоғамнан алыстаумен немесе ішкі күйзелісті еңсеруге талпыныспен салыстырады. Әлеуметтік желі қолданушылары пингвиннің бұл әрекетін «ешкімге түсініксіз, бірақ ішкі қажеттілікпен жасалған қадам» деп сипаттап жатыр.

TikTok, Instagram және X (бұрынғы Twitter) желілерінде видеоға философиялық мәтіндер, мұңды әуендер мен өмір туралы ойлар қосылып, мыңдаған нұсқасы жарияланды. Кейбір қолданушылар оны «мақсатсыз қозғалыс», енді бірі «өз жолын табуға ұмтылу» деп қабылдайды.

Трамп пен пингвин

Бұл трендтен АҚШ президенті Дональд Трамп та шет қалмады. Ақ үй әлеуметтік желіде Траптың пингвинмен бірге Гренландияға бет алған суретін жариялап қойған.

Шын мәнінде, бұл кадр 10 жыл бұрын түсірілген неміс режисері Вернер Херцогтің Антарктида туралы деректі фильмнен алынған. Ғалымдардың айтуынша, пингвиннің мұндай бағытта кетуі – күйзеліс немесе табиғи инстинкттердің бұзылуымен байланысты болуы мүмкін. Алайда интернет кеңістігінде бұл ғылыми түсініктен гөрі, символдық мәнге ие болып отыр.

Еске сала кетейік, былтыр Дональд Трамп пингвин мен итбалықтар ғана мекендейтін аралға салық енгізген еді.

Сондай-ақ оқыңыз