Жаңалықтар

Бас прокурор Асыловтың інісі басқаратын мекемеде кісі өлімі тергеліп жатыр

Алатау Жарық Алматы электр энергиясы
коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алматы қаласы мен облысына электр энергиясын тарататын «Алатау Жарық» компаниясындағы кісі өлімін еңбек инспекциясы тексеріп жатыр. Бұл туралы Kursiv.Media «Самұрық-Қазына» тобына кіретін компания мәліметіне сүйене отырып хабарлайды. «Алатау Жарықты» бас прокурор Берік Асыловтың туған бауыры басқарады.

«Жазатайым оқиға» ма?

Энергетикалық компания жұмысымен жақсы таныс дереккөздің айтуынша, қайғылы оқиға 2025 жылғы 8 желтоқсанда түсте болған. Сол күні Есік аудандық электр желісінде істейтін екі жұмысшыны тоқ соққан. Соның салдарынан 1992 жылы туған И.И. Қадыров есімді азамат сол жерде жан тапсырған. Ал 1990 жылы туған Б.С. Мұсаев ауруханаға түсті. Мәліметтерге қарағанда, жарақаты аса ауыр емес Мұсаев ауруханадан шыққан.

«Алатау Жарық» Есікте болған оқиғаны Kursiv.Media тілшісіне ішінара растады. Компания оны «жазатайым оқиға» деп сипаттады. Сонымен бірге, кісі өліміне қатысы тергеу жүріп жатқанын растады.

«Жазатайым оқиғаны арнайы тергеуді қазіргі кезде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясының Алматы облысы бойынша Департаменті бұйрығымен құрылған комиссия Мемлекеттік еңбек инспекторының төрағалығымен жүргізіп жатыр», – деп жауап берді «Алатау Жарық» Kursiv.Media сауалына.

Компания тергеу аяқталғанға дейін қосымша ақпарат бермейтінін ескертті.

Дереккөз мәліметінше, компания басшылығы жұмысшылар «өндіріс қызметіне байланысты емес» жұмыстарды атқару барысында қайғылы жағдайға ұшыраған деп есептейді.

Бас прокурордың бауыры басқаратын мекеме

«Алатау Жарық» компаниясы «Самрук-Энерго» тобына кіреді. Соңғысы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына еншілес компания.

Мекеме сайтындағы мәліметке қарағанда, «Алатау Жарықтың» басқарма төрағасы Абай Асылов. Бұған қоса, Абай Ноғайұлы Алматы облыстық мәслихатының депутаты қызметін де қоса атқарып жүр. Жамбыл облысы Мойынқұм ауданына қарасты Бірлік ауылында туған 58 жастағы топ-менеджер Қазақстан бас прокуроры Берік Асыловтың туған бауыры екенін айта кеткен жөн. Ағайынды Асыловтар қазір атқарып жүрген қызметіне 2022 жылы тағайындалған.