
26 қаңтарға қараған түні Филиппиннің оңтүстігіндегі арал маңында 350-ден астам адам мінген паром суға батып кетті. Құтқарушылар кем дегенде 316 жолаушыны судан алып шыққан. Бұл туралы CNN телеарнасы таратты.
Ресми мәліметтерге қарағанда, 15 адамның мәйіті табылды. Із-түссіз жоғалған қалған жолаушыларды іздестіріп жатыр.
M/V Trisha Kerstin 3 деп аталатын кеме Замбоанга қаласынан Джоло аралына жолға шыққан. Оның бортында 332 жолаушы мен экипаждың 27 мүшесі болған. Бірақ паром аралға жетпей, жарты жолда, түн ортасы ауғанда суға батқан.
Телеарна 1987 жылы Филиппинде «Дона Паз» паромы мұнай танкерімен соғысып, апаттан 4300 адам қаза тапқанын еске салды.
Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылғы 11 қаңтарда Таиландтың Пхукет аралында бір топ турист мінген катер балық аулайтын кемемен соғысқан. Сол кезде Қазақстанның сегіз азаматы зардап шеккен.