
Асайын Байханов басқаратын Павлодар облысының әкімдігі маса, шыбын-шіркеймен күреске арналған 13,6 млрд теңгенің тендерін қайтадан жариялады. Алғашқысы жыл басында өтпей қалған. Сол кезде күмәнді тендерге кәсіби палуанның клинингпен айналысатын фирмасы мен Түркістан облысындағы бір ауылда тіркелген компания кірген еді.
Масамен күреске қарсы тендер мемлекеттік сатып алу порталында екінші мәрте 2026 жылғы 20 қаңтарда жарияланды. Тендерге өтініш қабылдау бүгін, яғни 26 қаңтарда басталып, 2 ақпанға дейін созылады. Ашық байқауда 13 млрд 674 млн 377 мың теңге ойнатылады.
Тапсырысты тағы да Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы жариялады. Миллиардтар 2026-2028 жылдары игеріледі. Өңір басшылығы соның көмегімен халықтың мазасын қашырған масадан арылғысы келеді.
Естеріңізге сала кетейік, Kursiv.Media алғашқы рет масаға қарсы қомақты қаражатқа тендер ойнатылып жатқанына 2025 жылғы желтоқсанда назар аударған. Бұған қоса, масаға қарсы мұндай қырурар қаражат Қазақстан тарихында бір өңір немесе қала деңгейінде алғаш рет бөлінгелі отырғанын атап өткен.
Күмәнді байқау туралы мәлімет премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге дейін жетіп, вице-премьер сол күні Павлодарға хабарласуға уәде берген. Дегенмен лауазымы жоғары шенеуніктің өңірге хабарласқан-хабарласпағаны әзірге белгісіз.
Ал 2026 жылдың басында ашық байқауға екі компанияның қатысып жатқаны мәлім болды. Күмәнді тендерге кәсіби палуанның клинингпен айналысатын фирмасы («В и К ЛТД») мен Түркістан облысындағы ауылда тіркелген компания («ҚазақБитум») кірген еді. Алайда алғашқы тендер өтпей қалды. Комиссия оның себебін тендер «талабына сай емес» деп түсіндірді.
Дегенмен ашық байқаудың қайта жарияланғаны мәлім болып отыр. Kursiv.Media қомақты қаражат ойнатылатын байқау барысын бақылап, тендер қорытындысын жариялайды.