Тоқаев елдегі шетел азаматтарына қатаң бақылау жүругізуді тапсырды

Тоқаев Бас прокуратураға барып, құзырлы орган өкілдерімен кездесу өткізді. Ол Үкімет пен Ұлттық қауіпсіздігіне Қазақстанда жүрген шетелдік азаматтарды бақылауға алуды тапсырды. Бұл жайлы Ақорда жазады.
«Қазір әлемде күрделі ахуал қалыптасып отыр. Дүние жүзінде кең ауқымды көші-қон жүріп жатыр десек, қате болмайды. Қоныс аударғысы келетін шетелдіктер үшін Қазақстан – басқа елдерге өтуге де, тұрақтап қалуға да қолайлы мемлекет. Елге келген шетел азаматтарын уақтылы есепке алып, олардың жүріс-тұрысын бақылайтын техникалық құралдарды жетілдіру – аса маңызды міндет. Үкіметке Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, осы жұмысты тездетуді тапсырамын, – деді ол.
Одан бөлек президент деструктивті контентті тарататын топтар бар екенін атап өтті. Олар ЖИ-ді теріс мақсатта пайдалануы мүмкін екенін айтып, оған жол бермеу керек деп ескертті.
«Қоғамды жікке бөліп, азаматтарды бір-біріне қарсы қоятын деструктивті ақпарат таратуға бейіл адамдар да бар. Мұның бәрі өшпенділікке бастайтын ешкімге қажетсіз, тіпті қауіпті пікірталасқа жалғасады. Жасанды интеллектіні осындай адамдар ақпараттық қаруға айналдырып, заңға қайшы келетін контенттерді көптеп тарата бастайды. Бұған жол беруге болмайды. Ондай әрекеттерге құқықтық баға беріп, жауапкершілікке тарту қажет. Азаматтарға деструктивті контентті таратудың құқықтық салдары жөнінде үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осыған дейін Kursiv.Media Алматыда қытайлық туристердің күрт көбейіп жатқанын жазған едік. 2025 жылдың тоғыз айында Алматыға келген шетелдіктер саны 11%-ға көбейген (563 мың адам). Олардың дені Ресей, Қытай және Үндістан елдерінен келген.