Тоқаевқа кеңесші болған Бабақұмаровтың өлімі: сот отырысына журналистер кіре алмады

Экс-шенеунік Ержан Бабақұмаровты өлтірді деп айыпталған Ербол Каукетайға қатысты сот отырысына БАҚ өкілдері кіре алмады. Бастапқыда Астана соты алдын ала сот тыңдауы ашық өтетінін хабарлаған. Алайда сағат 15:00-де өтеді деп жоспарланған сот отырысы бір сағатқа шегерілді.
Сот отырысы басталатын тұста Астана сотының мамандары журналистерді сот залына кіргізбеді. Әуелі сотталушы мен сотқа қатысушы тараптар кірді. Сот қаулысы шықпағанына қарамастан, сотқа қатысушыларды фото-видеоға түсіруге тыйым салынды. Ал журналистерге сот отырысын онлайн форматта қарауға болатынын айтып, пресс-орталыққа жіберді.
Осы аралықта сот отырысы басталып, жәбірленуші тарап сот отырысын жабық өткізуді сұраған. Сот баспасөз қызметінің хабарлауынша, өтінішхатты мемлекеттік айыптаушы мен қорғау тарабы да қолдаған.
Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі негізінде сотқа түскен қылмыстық істі судья Айжан Құлбаева қарап жатыр. Судья бұған дейін бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен «Атамекен» палатасының басқарма төрағасы болған Абылай Мырзахметовке үкім шығарған.
Сот қаулысымен сот процесі жабық өтетін болды. Судья Құлбаеваның сөзінше, марқұм Бабақұмаровтың кәмелетке толмаған 12 және 16 жастағы екі баласы бар.
«Қаза тапқан кісінің кәмелетке толмаған балаларының мүддесін қорғау мақсатында сот отырысын жабық форматта өткізу туралы шешім қабылданды», – деді судья Құлбаева.
Сондай-ақ мұндай шешім қабылдау барысында судья адамға қатысты ауыр қылмыс жасалғанын ескерген.
Айта кететін жайт, Астана сотының баспасөз қызметі сотқа қатысушыларды, оның ішінде судьяны да фото-видеоға түсіруге болмайтынын мәлімдеді. Алайда бұл нақты кімнің шешімі екенін түсіндіре алмады.
Ержан Бабақұмаров 2025 жылдың қазанында қайтыс болды. Ол 2019 жылы президент кеңесшісі – президент әкімшілігінің талдау және болжамдау орталығының меңгерушісі болып тағайындалған.
2019-2022 жылдары Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. 2022 жылы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің басшысы болды.