Жаңалықтар

Үндістандағы Нипах вирусының таралуына байланысты шекарада бақылау күшейді

фото: коллаж Kursiv Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Үндістанда Нипах вирусының таралуына байланысты мемлекеттік шекарадағы барлық өткізу пункттерінде санитарлық-карантиндік бақылау күшейді. Бұл жайлы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

«Үндістаннан және ауру тіркелген Оңтүстік-Шығыс Азияның басқа елдерінен келген адамдарға ерекше назар аударылады. Осы инфекция бойынша қолайсыз елдердің тізбесі тұрақты негізде қайта қаралады және жаңартылады», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Барлық медициналық ұйымдарға арнайы ескерту берілген. Егер елге инфекция келе қалса, жедел жәрдем бригадалары мен инфекциялық ауруханалар кез келген уақытта науқастарды қабылдауға дайын дейді министрліктен. Әзірге Нипах вирусымен ауырған қазақстандықтар тіркелмеген.

Вирус тарап жатқан елдерге сапар шегетін жолаушылар жеке бас гигиенасын қатаң сақтауы керек. Егер шетелден оралғаннан кейін қызу, бөртпе, жөтел сияқты белгілер байқалса, міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет.

Нипах вирусы адамға жануарлардан, соның ішінде жарқанаттар мен шошқалардан жұғады. Ластанған тағамдар мен сусындар арқылы берілуі мүмкін. Бұл аурумен ауырған жоғары температура, бас ауруы, жалпы әлсіздік, ал ауыр жағдайларда орталық нерв жүйесінің зақымдалуы, пневмония болуы мүмкін.

Қазір бұл вирусқа қарсы мақұлданған вакцина жоқ.

Осы жылы қыста елде Гонконг тұмауы жайылған еді. Оның белгілері мен емдеу жолдары туралы Kursiv Media арнайы материал дайындаған.