«Жаңа Конституцияда» Үкіметтің кейбір құзыреті қысқарады

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
Конституциялық реформа жөніндегі атқарушы комиссия отырысы
фото: Конституциялық реформа 2026 телеграм арнасынан

Қазақстан Үкіметінің кейбір құзыреті алынып тасталады. Бұл жайлы Конституциялық реформа жөніндегі комиссия отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев айтты.

«Конституцияның Үкімет функцияларын айқындайтын 5-бөлімінің тиісті бабында мемлекеттік бағдарламаларды бекіту жөніндегі өкілеттіктерді, сондай-ақ мемлекеттік комитеттерге қатысты өкілеттіктерді, атап айтқанда – олардың қызметіне басшылық ету және актілерінің қолданысын жою немесе тоқтата тұру жөніндегі өкілеттіктерді алып тастау ұсынылады», – деп атап өтті министр.

Cәрсембаевтың атап өтуінше, мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесіне сәйкес, мемлекеттік бағдарламаларды бұл жүйенің құжаты деп танымайды. Ол бағдарламалар тек қажеттілігіне қарай әзірленеді. Бұл дегеніміз осыған дейінгі «Нұрлы жол», «Цифрлы Қазақстан» тәрізді мемлекеттік бағдарламалар мемлекеттік жоспарлаудың негізгі құжаты деп қарастырылмауы мүмкін. Олар тек шұғыл жағдайда жасалады. Ал бұл құжаттарды бұрын Үкімет әзірлейтін еді.

Сондай-ақ Сәрсембаев қазір атқарушы билік құрылымындағы комитеттер орталық атқарушы органның ведомствосы ретінде қарастырылып жатқанын жеткізді. Осыған байланысты министр оларды Конституцияда жеке атап өтудің қажеті жоқ екенін айтады. Яғни мемлекеттік комитеттер бұрынғыдай жеке орган емес, тек министрлік ішіндегі бір ведомство болып қала береді.

Бүгін Конституциялық реформа бойынша комитеттің екінші отырысы өтіп жатыр. Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева сөз бостандығына қатысты бірқатар шектеулерді ұсынды.

Сондай-ақ оқыңыз