Жаңалықтар

Маңғыстау облысында қар күрт еріп, аулаларға су кірді

Фото:  Lada.kz

Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында қардың еруіне байланысты біршама тұрғын үйлер мен аулалар су астында қалды. Бұл туралы Kursiv.media Lada.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Мұнайлы ауданы әкімдігінің хабарлауынша, 2026 жылдың басынан бері су басуға байланысты 100 өтініш тіркелген. Оның ішінде кейбір өтініштер қайталанған.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, тұрғын үйлердің маңында және аулаларда су жиналып қалғаны байқалған, алайда бұл үйлерге айтарлықтай зиян келтірмеген.

«25 қаңтардағы жағдай бойынша Қызғалдақ көшесінде орналасқан алты тұрғын үйде, сондай-ақ ауылдық округтегі 75 үйдің іргелес аумақтарында су басу фактілері анықталған. Әкімдікте оқиға орындарында суды сорып шығару жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Бұл мақсатта насос қондырғылары тартылып, дренаждық жүйелер жұмыс істеуде«, – делінген хабарламада.

Еске салсақ, осыған дейін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев 2026 жылы өңірде қуаңшылық болуы мүмкін екенін айтқан еді.