Жаңалықтар

Қазақстанның әскери қуаты Өзбекстаннан төмен – рейтинг

Фото: shutterstock,

Global Firepower әлем елдерінің әскери қуаты бойынша рейтингті жаңартты. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, Қазақстан бұл тізімде төменгі орындардың бірінде тұр.

Сарапшылар 145 елді 60 түрлі көрсеткіш бойынша саралаған. Бағалау кезінде қарулы күштердің саны, қорғаныс бюджеті, әскери техника, логистика мүмкіндіктері мен географиялық факторлар ескерілген.

Рейтингтің көшін әдеттегідей ең ірі қорғаныс бюджеті мен қуатты әуе күштеріне ие АҚШ бастады. Екінші орынға Ресей жайғасса, үздік үштікті Қытай түйіндеді. Ал алғашқы ондыққа Үндістан, Оңтүстік Корея, Франция, Жапония, Ұлыбритания, Түркия және Италия енді.

Қазақстан әскерінің қауқары қандай

Ал Қазақстан әскери әлеуеті жағынан үздіктер қатарына кіре алмады. Еліміз бұл рейтингте 58-орынға тұрақтаған. Осылайша, әлемдегі ең қуатты 50 әскер қатарына енбеді. Елдің қорғаныс қабілетінің индексі 1,0433 деп бағаланған.

Global Firepower деректеріне сүйенсек, Қазақстан бірқатар бағыттар бойынша аралас көрсеткіштерге ие. Құрлық әскерлері мен авиация әлеуеті салыстырмалы түрде тұрақты деп танылғанымен, әскер саны, тікұшақтар, ұшақтар, танктер мен артиллерия көрсеткіштері орташа деңгейде. Сонымен қатар логистикалық мүмкіндіктер, әсіресе теміржол инфрақұрылымы, оң бағаланды. Ал теңіз компоненті төмен көрсеткішке ие болды, бұл мұхит флотының болмауына байланысты.

Рейтинг бойынша Орталық Азияда Қазақстаннан алда тек Өзбекстан тұр, ол бес саты жоғарылап, 53-орынға шықты. Түркменстан 78, Тәжікстан 100, Қырғызстан 109-орында тұр.