
Ескі 10 000 теңгелік банкноталардың айналымда қатар жүру мерзімі ұзартылуы мүмкін. Бұл туралы Ұлттық банк хабарлады.
Ұлттық Банк «Сақ стилі» банкноталарының жаңа сериясын кезең-кезеңімен шығаруды жалғастыратынын еске салды. 2026 жылдың соңына қарай шығар жоспарланған 20 000 теңгені есепке алмағанда, барлық номиналдағы банкнота айналымға шықты.
«Жаңа банкноталарды шығару кезінде ескі және жаңа купюралардың айналымда қатар жүретін кезеңі болатынын атап өту маңызды. Яғни азаматтар сауда-саттықта ескі ақшамен де төлем жасап, оларды жаңасына айырбастай алады деген сөз. Осы уақыт аралығында банктер жаңа банкноталармен жұмыс істеу үшін өзінің банкоматтары мен кассалық жабдықтарын баптайды. Бұл тәсіл ақша ауыстыру кезінде халық пен бизнесті асықтырмай, қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.
Осы жылы қатар қолдану мерзімі аяқталатын банкноттар:
- 10 000 теңге – 2024 жылғы 28 маусымнан 2026 жылғы 27 маусымға дейін;
- 2 000 теңге – 2024 жылғы 25 желтоқсаннан 2026 жылғы 24 маусымға дейін.
Сонымен қатар Ұлттық банк 10 000 теңгелік банкноттардың қатар қолдану мерзімін ұзарту мүмкіндігін қарастыруда. Себебі ол банкноталар халық пен кәсіпкерлер арасында кеңінен таралған.
«Оның үстіне, 2 000 мен 10 000 теңгелердің айналымда қатар болу уақыты бір мезгілде аяқталатындықтан, банк жүйесіне қосымша ауыртпалық салуы мүмкін. Сол себепті, мерзімді ұзарту халық пен бизнеске ескі банкноталарды жаңасына біртіндеп әрі ыңғайға қарай ауыстыруға көмектеседі, сондай-ақ ескі үлгідегі банкноталардың табиғи тозуын қамтамасыз етеді», – деп түсіндірді Ұлттық банк.
Қатар қолдану кезеңі аяқталған соң барлық банктер мен «Қазпошта» АҚ ескі үлгідегі банкноталарды үш жыл ішінде ескі үлгідегі банкноттарды жаңасына айырбастайды. Ал Ұлттық банк филиалдары мерзімсіз айырбастауды жүзеге асырады.
Сондай-ақ жаңа 500 теңгелік купюралар жария болды. Жаңа банкноттар 2026 жылдың екінші тоқсанында жаппай айналымға түседі, өйткені өңірлер бойынша жеткізу және банкоматтарды, терминалдар мен кассалық жабдықтарды бейімдеу үшін уақыт қажет.