
Кеше желіде журналист Руслан Өтепбай 17 жыл құлдықта болған Құндыздың қол-аяғы байланған суретін салып, қамқоршысынан мән-жайды сұрастырған еді. Ал бүгін анық-қанығына көз жеткізбек болып Таразға арнайы барды.
Құндыздың қол-аяғы скотчпен байланған суретін көрген бойда Руслан Өтепбай апалы-сіңлілердің заңды қамқоршысы – Зүлфия Төленоваға хабарласты. Бірақ қоңырау шалғанда ол бұл жағдайды өзі де енді естіп тұрғанын, оқиға болғанда үйде болмағанын айтқан. Өтепбай мәселенің ақ-қарасын ажырату үшін Таразға жолға шығамын дегенде де Төленова қатты қарсы шығып, телефонның ар жағында қатты ашуланғаны байқалды.
Журналист дереу Таразға бет алып, Зүлфияның үйіне барды. Ол жерде Назгүл мен Құндызбен кездесіп, мән-жайды өз аузынан естіді. Руслан суретті көрсетіп, кім істегенін сұрады. Құндыз бұл сұраққа «мама» деп жауап берді. Қай мама екенін нақтылап, «Зүлфия ма?» дегенде басын изеп растайды. Әрі ұзақ уақыт байлаулы жатқанын айтты.
Дегенмен Зүлфияның өзі мұны жоққа шығарып отыр. Бұған дейін телефонмен сөйлескенде үйде болмағанын айтқан ол бүгін: «мен оны ол кезде байлаған жоқпын. Үйге алып кіріңдерші деп айтқам. Байланғанын көрген жоқпын. Түсінбейм сені, Руслан», – деп бұлқан-талқан болды. Stories-ке салынған видео-үзіндіде Зүлфия Төленова: «Сен оның (Құндыздың – авт.) мінезін білмейсің, Руслан. Осылар келгелі миыма да, өзіме де тыныштық болмады», – дейді.
Зүлфия Құндызды Таня байлап тастады деген еді. Руслан Танямен де тілдесті. Одан мән-жайды сұрағанда «мама (Зүлфия – авт.) үйде болмады. Алматыда болды. Әділхан байлады», – деп жауап берді. Құндыз болса, бұл ақпаратты өтірік деп отыр.
Руслан Өтепбай «Егер Зүлфия Төленова Құндызды байламаса, Құндыз жала жаппайды ғой. Мен өз басым Құндызға сенемін. Аталған дерек бойынша Зүлфия Төленованың үстінен қылмыстық іс көтерілді», – деп жазды.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Руслан Өтепбайдың жекесіне аға-жеңгесі 17 жыл бойы құлдықта ұстаған Құндыздың қол-аяғы байлаулы жатқан фотосы келіп түскені туралы жазған едік.