Актер Рамазан Амантайды жақындарының арасында біреулер дуалаған

Актер әрі ақын Рамазан Амантай неге қатты толып кеткенін ашылып айтты. Ол Жанар Байсемізге берген сұхбатында қазіргі жағдайы туралы жайып салды. Айтуынша, артық салмақпен күреспесе, 36 жасқа келгенде денсаулығы сыр беруі мүмкін екен. Оған қоса, дем салдырып жүрген актер өзіне дуа жасалғанын да жасырмады.
Кезінде «Айналайын» сериалындағы бұзық Арманды сомдап, кейіннен Қоянбаевтың фильмдері арқылы танылған бала Рамазанның жасы қазір отызға таяды. Десе де, көпшілік оны әлі сол рөлдеріндегідей бала қалыпта есте сақтап қалса керек. Бірқатар фактордың кесірінен салмақ қосқан актерге сырт-келбетіне қатысты қазір айтылатын сын көп. Рамазанның сөзіне сүйенсек, салмақ қосып, жағдайы қиындағанына біраз болған.
«Салмағым 100 келіден асқанда-ақ өзіме ұнамай бастағам. Бірақ ол кезде қатты сын бола қоймады. «Өзіміздің балақайымыз» деп жүретін бәрі. Кейін бәрі өзгерді. Сын сөздерді анам, келіншегім ауыр қабылдайды. Мен ер адам болған соң бәрін көтеремін. Салмағым қазір 156 келі», – деді актер.
Рамазан Амантай дем салдыруға барған. Ол жақта оған дуа бар деген.
«Көп көз тиген. Сыртқы күштердің әсері бар деді. Сенбейін десең, ойлаған нәрселерің қиын іске асып жатады. Сенейін десең, шариғат шеңберіне сыймайды. Содан сенер-сенбесімді білмей жүрмін. Тазарып жүрмін», – деп Рамазан дем салдырған соң, жақсарып қалғанын атап өтті.
Өзінің айтуынша, қара магия дегеннен бойын аулақ ұстайды.
«Алланың ақ жолын алға тартатын адаммын. Жолым болса да, болмаса да Алланың қалауы деп білемін. Семіруіме ұйқының бұзылуы, тамақ сияқты дүниелер негізгі себеп болды. Ал дуа деген кейбір жетістіктерімді көре алмайтын жандардың жасағаны шығар. Жасап та қойған ғой. Өзім таңғалып, көзіме жас алдым. Қасиеті бар адам солай деді. Өзімнің көріпкел аралайтын әдетім жоқ. Көре алмайтындардың ісі, жақындарың істеген дегенді естігенде сол маған ауыр тиді. Бірақ жалпы алғанда бәрін Алланың бұйырғаны деп білемін», – деп ақтарылды Амантай.
Оқырман белгілі тренер Айтым Жакуповке барып, арықтауды жиі ұсынады екен. Дегенмен Рамазан Алматыда тұратындықтан, Айтым мырзаға Астанаға баруға мүмкіндік жоғын айтты. Бүгінгі таңда актер жаттығу залына барып, денсаулығына көңіл бөліп жүрген көрінеді. Жаттықтырушысы жағдайын тексере келе қазір өзін қолға алып, салмақ тастамаса, 36 жасқа келгенде денсаулығы жарамай қалуы мүмкін екенін ашық айтқан. Қазір актердің жасы 27-де.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Рамазан Амантайдың әлеуметтік желіде оқырманға жасаған мәлімдемесі туралы жазған едік.