Жаңалықтар

Алматы халықаралық әуежайы 6,8 млрд теңге дивидендті заңсыз төленгені анықталды

аэропорт Алматы
Алматы халықаралық әуежайы 6,8 млрд теңге дивидендті заңсыз төленгені анықталды / Фото: shutterstock

Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитеті профилактикалық бақылау барысында Алматы халықаралық әуежайының қаржылық қызметінде бірқатар қателікті анықтады.

Тексеру нәтижесінде акционер емес заңды тұлғаға 6,8 млрд теңге көлемінде дивиденд заңсыз төленгені белгілі болды. Аталған жағдай стратегиялық нысанның активі мен даму әлеуетіне кері әсер етіп, қаржылық тұрақтылығын әлсіреткен.

«Жүргізілген аудит қорытындысы бойынша заңсыз төленген қаражат толық көлемде әуежайдың есепшотына қайтарылды. Бұл қаражат Алматы халықаралық әуежайын дамытуға, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасы мен сервисті жақсартуға бағытталатын болады», – делінген комитет ақпаратында.

Комитет төрағасы Ержан Мыңжасаровтың айтуынша, 2025 жылы енгізілген жаңа тәсілдер бақылау органдарының жұмысын жаппай тексеруден нақты, атаулы бақылауға көшіруге мүмкіндік берген. Комитет тәуекелі жоғары салаларға басымдық беріп, бұл өз кезегінде бақылау тиімділігінің артуына ықпал еткен.

Жалпы, 2025 жылы тексерулер саны 22% қысқарып, анықталған заңбұзушылықтар сомасы 36% өскен. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бюджетке 400 млрд теңге қайтарылып, 1,2 млрд теңге көлемінде айыппұл өндірілген.