Аттестаттау тәртібі өзгереді: педагогтер енді авторлық бағдарлама әзірлемейді

Қазақстанда педагогтерді аттестаттау кезінде авторлық бағдарламаларды міндетті түрде әзірлеу талабы алынып тасталады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, қазіргі талаптардың тиімділігіне қатысты сұрақтар туындаған. Атап айтқанда, «педагог-шебер» санатын алу үшін мұғалімдер республикалық оқу-әдістемелік кеңес ұсынған авторлық бағдарламаларды әзірлеп, оны білім беру процесіне енгізуі тиіс болған. Алайда 2025 жылдың желтоқсан айының соңында министрлік бұл талаптың нақты нәтиже бермейтінін мойындаған.
«Қазір арнайы жұмыс тобы барлық нормативтік-құқықтық актілерге талдау жүргізіп жатыр. Осы орайда біз аттестаттау кезінде авторлық бағдарламаларды алып тастау мәселесін көтеріп отырмыз. Себебі олардың білім беру процесін ұйымдастыруға қаншалықты тиімді әсер ететінін, сондай-ақ бұл бағдарламалардың нақты қаншасы қолданылып жүргенін көріп отырған жоқпыз», – деді министр.
Министрдің сөзінше, авторлық бағдарламаларды әзірлеу талабы келесі оқу жылының басынан күшін жояды.
«Сонымен қатар біз енді басқа тәсілді енгізуіміз керек. Мұғалім өз жұмысын, оқу процесін қаншалықты сапалы ұйымдастыра алатынын, оқушылармен жұмысты қалай жүргізетінін көрсете алатын тәсіл болуы тиіс. Қазір біз осы бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз», – деді Сүлейменова.
Айта кетейік, бұған дейін Kursiv.Media тілшісі мұғалімдердің ақылы қосымша сабақты мектепте өткізуі қаншалықты заңды екенін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовадан сұраған еді. Министрдің сөзінше, мұғалім айлық алып отырса, жүктемесі аясында қосымша сабақ берсе, бұл мәселе реттеуді қажет етеді.