Франция жасөспірімдерге әлеуметтік желіге толықтай тыйым салуы мүмкін

Францияда келесі оқу жылынан бастап 15 жастан кіші жасөспірімдерге әлеуметтік желіге тыйым салуы мүмкін. Бұл жайлы ел президенті Эммануэль Макрон мәлімдеді.
Франция басшысының сөзінше, ол заң авторларынан жасөспірімдерді әлеуметтік желіден шектеу туралы құжатты тезірек ұсынуды сұраған.
«Біздің балаларымыз бен жасөспірімдеріміздің санасы сатылмайды. Олардың сезімдері де сатылмайды, олар америкалық, қытайлық платформалардың манипуляция нысанасы болмауы қажет», – деді Макрон.
15 жасқа толмаған барлық балалар үшін әлеуметтік желілерге кіруді шектеумен қатар, заң жобасы Францияның барлық лицейлерінде смартфондарды пайдалануға тыйым салады.
Осыған дейін 2023 жылы Франция үкіметі 15 жасқа толмаған кәмелетке толмағандардың әлеуметтік желілерге кіруін шектейтін, сондай-ақ аккаунт ашу үшін ата-анасының келісімін талап ететін заң қабылдаған. Алайда, бұл заң Еуропалық Одақтың Цифрлық қызметтер туралы заңына (DSA) қайшы келгендіктен, сол күйі күшіне енген жоқ.
Былтыр қыста Аустралия 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салған еді. TikTok, YouTube, Instagram және Facebook сияқты 10 платформаны жасөспірімдер ел аумағында пайдалана алмайды.