
Шымкенттегі №59 «Айша» мемлекеттік балабақшасында түсірілген видео әлеуметтік желіде тарап, қызу талқыланып жатыр. Онда бейнебақылау камерасын тексерген ата-аналар тәрбиешінің әрекетінен шошынды.
«Не істеп жатыр? Инені тығып жатыр. Міне, ине бар қолында. Балаларды қорқытып-үркітіп, психологиялық қысым жасаған. Балаларымызды қайда жіберіп жүрміз?» – дейді олар жылап.
Желіге тараған видеоға қатысты түрлі пікір жазылды. Бірі тәрбиешіні жақтаса, енді бірі сөкті. Қоғамдық талқылауға түскен соң кешке жақын оқиғаға қатысты қалалық полиция департаменті мен қалалық білім басқармасы пікір білдірді.
Қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Күлзина Уәлиханованың айтуынша, видео Тұран ауданында орналасқан №59 «Айша» мемлекеттік бөбекжай-балабақшасында түсірілген. Педагог қызметкер балаларға қатысты кәсіби әдепке сай емес әрекеттер жасаған.
«Атап айтқанда, аталған балабақшаның «Бәйтерек» мектепалды тобының тәрбиешісі тарапынан балаларға қатысты психологиялық және физикалық қысым көрсету белгілері, яғни шприцпен қорқытқаны, қол көтергені анықталды», – дейді ол.
Оқиғаға қатысты жедел кеңес өткізілген. Оған прокуратура, полиция, қалалық білім басқармасы мен денсаулық сақтау басқармасының, балабақшаның қызметкерлері және ата-аналар қатысқан.
Қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, ата-аналар тәрбиешінің үстінен шағымданған. Тәрбиешіге қатысты қылмыстық іс қозғалған.
«Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын толық, объективті және жан-жақты анықтауға бағытталған шұғыл әрі кешенді тергеу іс-шаралары жүргізілуде», – делінген полиция хабардламасында.
Сонымен бірге полиция білім басқармасына балабақша басшылығын қызметінен шеттету және тәрбиешіні жұмыстан босату туралы ұсыныс берген.