
Қазақстандықтар енді «Отбасы банктен» басқа да банкте тұрғын үй жинағын ашып, баспанаға ақша жинай алады. Өйткені коммерциялық банктерге де тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесіне қатысуға рұқсат берілді. Өзгеріс 19 нурыздан бастап күшіне енеді. Алайда сарапшы Лев Тетин бұл бағыт банктер үшін тартымды емес деп тұжырымдайды.
Заңға қандай өзгеріс енгізілді
2026 жылғы 16 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, байланыс және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойған. Соған сәйкес, тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесі бойынша қаражат тарту және тұрғын үйге несие беру құқығы енді бүкіл екінші деңгейлі банктерге беріледі. Ол үшін банктерге арнайы лицензия алудың қажет жоқ.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Kursiv.Media-ға берген жауабында енгізілген өзгерістер 2026 жылдың 19 наурызынан күшіне енетіні жазылған.
«Сонымен қатар заңға енгізілген түзетулер «тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» ұғымын кеңейтеді. Енді түрғын үй жинақ жүйесіне тек арнайы лицензиясы бар банктер ғана емес, екінші деңгейлі кез келген банк қатыса алады. Бұл банктерге арнайы рұқсат немесе қосымша лицензия алу міндеті қойылмайды»,- делінген агенттік жауабында.
Яғни «Отбасы банк» қана емес, өзге 22 банк те тұрғын үй салымдарын қабылдайды. Дегенмен коммерциялық банктердің клиенттері «Отбасы банкі» үлгісіндегі мемлекеттік сыйақыны ала алмайды.
«Алайда мемлекеттік сыйақы тек тұрғын үй-құрылыс жинақ банктерінде (Отбасы банк) ашылған салымдарға ғана беріледі. Яғни жаңа түзетулерге сәйкес, жүйеге қосылатын басқа екінші деңгейлі банктер үшін мемлекеттік сыйақы қарастырылмаған», – дейді агенттік.
Қазіргі кезде «Отбасы банктің» салымшыларына мемлекеттік сыйақы ретінде 200 АЕК-тің 20 пайызына тең ақша аударылады. Бұл төлем 2025 жыл үшін 157 280 теңгені құрайды.
Осы ретте Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов те жүйеге басқа банктердің қосылуы азаматтарға таңдау мүмкіндігін беретінін айтқан.
«Неғұрлым көп мүмкіндік, таңдау болса – соғұрлым жақсы. Сервис жақсарып, өтінішті қарау мерзімі қысқарып, комиссия да азаяды. Нарыққа да жақсы жағынан әсер етуі тиіс», – деді бас банкир.
Тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесінің мәні неде
Қазақстанда түрғын үй-құрылыс жинақ жүйесі 2003 жылы енгізілген. Негізгі операторы – «Отбасы банк». Бұл жүйе ипотеканы арзан пайызбен алуға мүмкіндік береді. Себебі оның пайыздық мөлшерлемесі коммерциялық банктер ұсынатын стандартты бағдарламалармен салыстырғанда әлдеқайда төмен.
Жүйенің негізгі қағидасы қарапайым: «алдымен жина, содан кейін сатып ал». Яғни, ипотека алу үшін пәтер немесе үй бағасының кемінде 50%-ын депозитке жинау қажет.
Депозитте қаражат қанша ұзақ жатса, несие бойынша пайыз да соғұрлым төмен болады. Мысалы, «Отбасы банк» арқылы ең төменгі 3,5%-бен ипотека рәсімдеу үшін, депозит кем дегенде үш жыл бойы жинақталуға тиіс.
Банктер қызығушылық таныта ма
Алайда тұрғын үй нарығының сарапшысы Лев Тетиннің пікірінше, тұрғын үй жинақ жүйесі елдегі екінші деңгейлі банктерге қызық емес. Сарапшының айтуынша, бұл жүйе заң жүзінде бұрыннан-ақ бүкіл нарық қатысушыларына ашық болған. Бірақ, іс жүзінде, бірде-бір банк бұл бағытқа бет бұрған жоқ. Оның бірнеше себебі бар.
Біріншіден – түсетін табыс төмен.Тұрғын үй жинақ жүйесі аясындағы ипотекалық несиенің сыйақы мөлшерлемесі небәрі 3–5%, ал түпкі тұтынушы үшін 3–9% деңгейінде. Банктер үшін бұл – ұзақмерзімді әрі аз табыс әкелетін өнім. Ал дәл сол уақытта тұтынушылық несие арқылы қаржы ұйымдары бір жылда 50–60% пайда көре алады. Мұндай жағдайда банктердің басымдықты қай бағытқа беретіні түсінікті.
Екіншіден – жабық жүйе циклі. Тұрғын үй жинақ жүйесі аясында тартылған қаражат қатаң түрде мақсатты пайдаланылуға тиіс. Яғни, ипотекаға жиналған ақшаны басқа қаржы операциялары, инвестиция немесе бизнес жобаларға бағыттауға болмайды. Бұл банктер үшін икемсіз пен тәуекелді арттырады.
«Осы тұрғыдан алғанда, мемлекет тарапынан субсидияланып, тек осы салада жұмыс істейтін Отбасы банк – ерекше институт. Оның бизнес-моделі бастапқыдан-ақ әлеуметтік міндетке негізделген. Ал коммерциялық банктер үшін бұл бағыт экономикалық тұрғыда тартымды емес», – деп нақтылады сарапшы.
Ипотека нарығы ұта ма
Жалпы бұл бастаманың мақсатының бірі – нарықтағы бәсекені күшейту болған. Сарапшының пікірінше, ипотека нарығы нақты пайда көруі үшін жүйеге жаңа ойыншылар келіп, тұрғындарға 3–9% аралығындағы арзан ипотека ұсынуы керек. Мұндай бәсеке, сөзсіз, тұтынушы үшін тиімді болар еді.
Алайда қазіргі жағдайда бұл сценарийдің жүзеге асуы екіталай. Себебі:
- базалық мөлшерлеме тым жоғары;
- қаржы ресурстары қымбат;
- ұзақмерзімді арзан ипотека банктер үшін тиімсіз.
«Экономикалық конъюнктура өзгермей немесе мемлекет тарапынан қосымша ынталандыру тетіктері енгізілмейінше, екінші деңгейлі банктер тұрғын үй жинақ жүйесіне жаппай қызығушылық танытады деп айта алмаймыз», – деп сарапшы ойын қорытты.
Бұған дейін «Отбасы банк» басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова коммерциялық банктерді тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесіне қосуға қарсы пікір білдірген.
«Біз шағын және орта бизнеске несие бермейміз, құрылысшыларға несие бермейміз, тұтынушылық кредит те бермейміз. Ал әмбебап банкте сіздің депозитіңіз төмен мөлшерлемемен басқа мақсатқа, мысалы, тұтынушылық кредитке немесе басқа несие түріне бағытталуы мүмкін. Сол себепті мұндай жағдайда қатаң бақылауды күшейту қажет», – деді ол.
Оның айтуынша, елдегі демографиялық жағдайды ескерсек, тұрғын үй жинақ жүйесі әлі де бірнеше он жыл бойы өзекті болады. Дегенмен реттеушілер коммерциялық банктерді осы жүйеге қосудан туындайтын тәуекелдерді де ескеруі қажет екенін айтқан болатын.