Жаңалықтар

Қазақстандықтардың депозиттегі ақшасы бір жылда 2 трлн теңгеге өсті

Халық ақшасын қай банкте сақтайды / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Серикжан Ковланбаев

Ұлттық банк деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қараша айының соңында екінші деңгейлі банктердегі жеке тұлғалардың салымдары 26,6 трлн теңгеге жетті. Жыл басынан бергі өсім 8,3% немесе абсолюттік мәнде 2 трлн теңгені құраған.

Ranking.kz сарапшыларының жазуынша, динамика халықтың қаржы мінез-құлқындағы өзгерістерді ғана емес, банк жүйесіне деген сенімнің біртіндеп күшейіп келе жатқанын да аңғартады.

23 екінші деңгейлі банктің 14-і депозит көлемін арттырса, 7 қаржы институтында кері динамика байқалды. Тағы екі банк – нарыққа жаңадан келген ойыншылар, сондықтан олар бойынша салыстырмалы статистика әзірге жоқ.

Теріс динамика көрсеткен банктерден халық 170 млрд теңгесін алып кеткен, алайда бұл жалпы нарықтағы өсім аясында айтарлықтай әсер етпеді.

Депозит өсімі бойынша көшбасшылар қатарында әдеттегідей ірі банктер келеді. Ең жоғары абсолюттік өсімді Kaspi Bank көрсетті: салымдар көлемі жыл басынан бері 453 млрд теңгеге, яғни 7,4%-ға артып, 6,6 трлн теңгеге жетті.

Одан кейін Halyk Bank; айлық өсім 366,2 млрд теңге немесе 5,2% құраса, аталмыш банктегі депозит көлемі 7,4 трлн теңге болды.

Үздік үштікті Банк ЦентрКредит түйіндеді: бұл банктегі депозит көлемі 323,5 млрд теңгеге немесе 11%-дан астам өсіп, 3,1 трлн теңгені құрады.

Сонымен қатар Отбасы банк пен Freedom Bank те айтарлықтай өсім көрсетті. Әсіресе, Freedom Bank-тің 36,8%-дық жылдық өсімі нарықтағы белсенді бәсеке мен салымшылардың жаңа өнімдерге қызығушылығын айқын байқатады.

Жеке тұлғалардың депозиттері ұзақ мерзімді кезеңде де тұрақты өсіп келеді. Соңғы бір жылда депозиттер 15,3%-ға артса, бес жыл ішінде 2,5 есе, ал он жылда төрт есе өскен.

2025 жылғы өсімге ақша-несие саясатының қатаңдауы аясында базалық мөлшерлеменің жоғарылауы әсер етті. Бұл банктердің депозиттердің сыйақы мөлшерлемелерін көтеруіне алып келді.

23 қаңтарда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені екінші рет 18% деңгейінде қалдырды.