
Зайсанда салынып жатқан жаңа әуежай 2026 жылдың жазында ашылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді. Жоба бойынша бас мердігер – Мәжіліс депутаты Ұлықбек Тұмашиновтың жұбайы Сәуле Тұмашиноваға тиесілі «Элхон» компаниясы.
Биыл құрылысы аяқталатын әуежайлар
Министрдің айтуынша, 2026 жылы бірнеше әуежайдың құрылысы толық аяқталады. Атап айтқанда, Катонқарағай, Кендірлі мен Арқалықта салынып жатқан жаңа әуежай пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар биыл Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын реконструкциялау, Ақтауда перронды жөндеу, сондай-ақ Атырау әуежайының терминалын жаңғырту жұмысы басталады.
Зайсан әуежайын кім салып жатыр
Зайсан мен Катонқарағай әуежайының құрылысына бас мердігер ретінде «Элхон» компаниясы тартылған. Компанияның құрылтайшылары – Сәуле Тұмашинова мен Жанболат Қазанов. Қазанов 2025 жылдың тамыз айында көлік саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан II дәрежелі «Барыс» орденін алған.
«Элхон» компаниясына сондай-ақ Орталық Азия мен Қазақстандағы ең ұзын автокөлік көпірі – Бұқтырма көпірін салған «ОблШығысЖол» компаниясы да тиесілі.
2024 жылы «Элхон» компаниясының таза пайдасы 15,2 млн теңгені құраған. Бұл көрсеткіш 2023 жылғы 299,4 млн теңгемен салыстырғанда 19,7 есе төмен.
Шығыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы Inbusiness редакциясының сұрауына жауабында «Элхон» компаниясымен жасалған келісімшарттар «қызметтік пайдалануға арналған» деген белгімен рәсімделгенін хабарлаған. Осыған байланысты жобалардың жалпы құны туралы ақпарат берілмеген.
Зайсан әуежайы туралы не белгілі
Жаңа әуежай Зайсан көлінен 25 шақырым жерде, Сәтбай ауылы маңындағы бұрынғы әскери аэродром орнында салынып жатыр. Жер телімінің аумағы – 184,5 гектар.
Әуежай Bombardier Q400 және ATR-72 сынды заманауи өңірлік ұшақтарды қабылдай алады. Инфрақұрылым құрамына:
- рулеж жолақтары,
- 4 әуе кемесіне арналған перрон,
- сағатына 150 жолаушыға дейін қызмет көрсете алатын, аумағы 4 мың шаршы метр терминал,
- командалық-диспетчерлік пункт,
- авариялық-құтқару қызметі,
- метеостанция,
- радионавигациялық жабдықтар кіреді.
Әуежай іске қосылғаннан кейін, Зайсан – Астана, Зайсан – Алматы – Өскемен бағыттары, сондай-ақ Қытайдың Үрімжі, Алтай және Канас қаласына әуе қатынасы ашылады. Бұл өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді: қазіргі жылына келетін 23 мың туристің саны 136 мыңға дейін өсуі тиіс.