Жаңалықтар

Мұғалімдердің ақылы қосымша сабақты мектепте өткізуі қаншалықты заңды

Фото: kursiv.media мұрағаты

Мектептерде оқу үлгерімі нашар балаларды оқыту үшін мұғалімдер қосымша сабақ өткізіп, сол үшін ақы алып жүр. Десе де, кейбір ата-аналар қосымша сабақтың қымбат екеніне шағымданады. Осыған орай Kursiv.Media тілшісі бұл қаншалықты заңды екенін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовадан сұрады.

Министр бұл мәселе расында да өзекті екенін айтып, оның заңнамалық тұрғыда реттелмегеніне назар аударды. Сонымен бірге заңмен бәрін шегелеп тастауға да асықпайтынын жеткізді. Қазір ұстаздар, кәсіби орта қауымымен мәселені реттеу жолы қарастырылып жатқанын қосты.

«Бұл құқықтық реттеуді қажет ететін шаруа. Tesla Education оқиғасынан кейін заңнамалық тетіктерді күшейту бағытында үлкен жұмыстарды бастадық. Қосымша білім деген де репетиторлық нарық. Сол себепті біз заңнамалық тетіктерді күшейтеміз. Сағат саны мен төленетін салық қанша болуы керек деген мәселенің бәрі ашық. Ата-аналар тарапынан келіп жатқан сұрақ өте көп. Сондықтан бәрін заңмен реттеу тастау қаншалықты қисынды екенін мұғалімдермен талқылауымыз керек. Бір жағынан, бұл оның интеллектуалдық құқығы. Ал егер қосымша сабақты мектепте өткізсе, оның нақты салықтық, заңнамалық мәселелері реттелуі қажет деп санаймын», – деді ол.

Сүлейменованың айтуынша, мұғалім айлық алып отырса, жүктемесі аясында қосымша сабақ берсе, бұл мәселе реттеуді қажет етеді.