Жаңалықтар

2026 жылы ақшаны қалай көбейтуге болады

Ақшаны қалай көбейтуге болады/фото: shutterstock.com

2026 жыл қазақстандық инвесторлар үшін түрлі жаңалықтармен басталды. Әлемдік геосаясаттағы жағдай шиеленісе түсті. Салық саясаты өзгеріп, базалық мөлшерлеме мен жылжымайтын мүлік бағасы өсті, алтын бағасы қымбаттады. Бұған қоса, халықтың қор нарығына деген қызығушылығы да артты. Мұндай жағдайда ақшаны қалай сақтап, көбейтуге болады?

Қазіргі таңда қаржы нарығында бірнеше құрал бар. Қарапайым депозиттерден бастап акциялар, ETF қорлары және нақты активтерге дейін. Осының әрқайсысын Kursiv.Мedia тілшісі талдап көрді.

Депозиттер мен жинақтар туралы

Әлемдік саясат пен экономикадағы ауыс-түйістерге аса бас ауыртқысы келмейтін инвесторлар үшін депозиттер 2026 жылы да ең түсінікті әрі сенімді құрал болып қала береді. 2025 жылы Қазақстан банктері пайыздық мөлшерлемелерді жаппай көтеріп, кейбір жинақтар бойынша табыстылық жылына 20%-дан асты.

Депозиттердің орташа мөлшерлемесі шамамен 14% және одан жоғары. Бұл табысыңды инфляциядан «қорғауға» мүмкіндік берді.

Бірақ маңызды жайт бар: Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры салымдарды белгілі бір шекке дейін ғана сақтандырады. Сондықтан ірі сомаларды бірнеше банкке бөліп орналастыру немесе басқа құралдармен біріктіру орынды.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының дерегінше:

  • жинақ салымдар үшін 20 млн теңгеге дейін;
  • теңгедегі басқа салымдар, ағымдағы шоттар және карталар үшін 10 млн теңгеге дейін;
  • шетел валютасындағы салымдар үшін 5 млн теңгеге дейін кепілдік берілген.

Артықшылықтары: қарапайым, сенімді, түсінікті, нақты табыс.

Кемшіліктері: кепілдік сомасының шектеулі болуы, капиталдың баяу өсуі.

Облигациялар: тұрақтылық пен табыс

Мемлекеттік және корпоративтік облигацияларды депозиттерге балама ретінде қолдануға болады. Мемлекеттік облигациялар бойынша табыстылық көбіне жылына 13-14% шамасында.

Корпоративтік облигациялар жоғары табыс әкелуі мүмкін, алайда тәуекелі де бар. Мұндай кезде компанияның қаржылық жағдайын бағалау маңызды.

Облигациялар портфельдің «тірегі» ретінде қолданылады, яғни жалпы тәуекелді азайтып, табысты тұрақтандырады.

Артықшылықтары: тұрақты купон төлемдері, тәуекел деңгейі орташа.

Кемшіліктері: акцияларға қарағанда табысы төмен, жаңадан бастағандар инвесторлар үшін күрделі.

Жылжымайтын мүлік: инфляциядан қорғайтын актив

2025 жылы Қазақстандағы тұрғын үй нарығы айтарлықтай өсті. Бастапқы нарықта бағалар шамамен 15,7%, қайталама нарықта 14,6% артты. Жаңа пәтердің орташа бағасы бір шаршы метр үшін 571 200 теңгеге жетті.

Алматы мен Астанада баға басқа қалаларға қарағанда айтарлықтай өсті – кейбір аудандарда жылына 20-25%-ға да жетті.

2026 жылы жылжымайтын мүлік капиталды сақтаудың және жалға беруден табыс табудың құралы ретінде өзектілігін жоғалтпайды.

Артықшылықтары: инфляциядан қорғайды, тұрғын үйді жалға берудін табыс табуға болады, баға да төмендемейді.

Кемшіліктері: ақша керек кезде жылдам сата алмайсың, күтіп-ұстау шығындары бар, салық төлеу керек.

Акциялар мен ETF

Қазақстан қор нарығы бөлшек инвесторлар арасында біртіндеп танымал болып келеді. KASE арқылы отандық компаниялардың акцияларын сатып алуға болады. Сонымен қатар халықаралық брокерлер арқылы шетелдік нарықтар мен ETF қорлар қолжетімді.

ETF – жаңадан бастаған инвесторлар үшін ыңғайлы құрал. Себебі бір қор арқылы көптеген компанияларға инвестиция салуға болады. 2026 жылы KASE индексіне негізделген жаңа ETF қорлары пайда болады деген болжам бар, сондай-ақ дамушы нарықтарға деген қызығушылық сақталады.

Артықшылықтары: жоғары табыс түсуі мүмкін, тәуекелді әртараптандыру.

Кемшіліктері: нарықтағы құбылмалылық, уақытша құны төмендеуі мүмкін.

Бағалы металдар мен цифрлық активтер

Алтын – тұрақсыз кезеңдерде капиталды сақтаудың дәстүрлі құралы. Ол тұрақты табыс әкелмейді, бірақ ұзақ мерзімде құнын сақтауға көмектеседі.

Цифрлық активтер мен криптовалюталар жоғары табыс әкелуі мүмкін, бірақ тәуекелі өте жоғары. Сондықтан оларды портфельдің аз ғана бөлігі ретінде қарастырған жөн.

Сонымен қатар жасанды интеллект, цифрландыру және денсаулық сақтау сияқты болашақ салаларына инвестиция салу тренді күшейіп келеді, әсіресе дамушы елдерде.

Бұл ретте қор нарығында кепілді табыс жоқ, тәуекелі жоғары екенін естен шығармау абзал.

Инвестициялық стратегия: әртараптандыру және қаржылық қор

Мамандардың пікірінше, ең тиімді тәсіл – қаражатты әртүрлі активтерге бөлу:

  •  консервативті: депозиттер, облигациялар;
  •   тәуекелі орташа: ETF және акциялар;
  •   нақты активтер: жылжымайтын мүлік, алтын;
  •   тәуекелі жоғары: технологиялық және цифрлық активтер.

2026 жылы қазақстандық инвесторлар үшін мынадай мүмкіндіктер бар:

  •   депозиттер – жылына 14-20%-ға дейін,
  •   облигациялар – шамамен 10–14%-ға дейін,
  •   жылжымайтын мүлік – 2025 жылы 15%-дан жоғары өсім,
  •   акциялар мен ETF – ұзақ мерзімді капитал үшін,
  •   алтын және цифрлық активтер – портфельді қорғау және әртараптандыру үшін.

Осы құралдарды дұрыс үйлестіру табысты инфляциядан қорғауға және алдағы жылдары қаржылық тұрақтылықты нығайтуға мүмкіндік береді.

Еске сала кетсек, елде жылжымайтын мүлікті сату-сатып алу келісімін рәсімдеу бағасы өсті.