Жаңалықтар

Баға қымбат, интернет баяу – Бектенов туризм мәселелерін шешуге нақты тапсырма берді

автожол интернет 4G
фото: shutterstock

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Туризм және спорт министрлігі мен әкімдіктерге туристік науқан басталғанға дейін саладағы өзекті мәселелерді шешуді тапсырды.

«Оң динамика бар, бірақ…»

Олжас Бектеновтің айтуынша, салада оң динамика бар. Алайда туристік аймақтарда жүргізілген кешенді тексерулер салада әлі де жүйелі мәселелердің барын анықтаған. Көптеген нысанда интернет сапасы нашар. Жұмыстар әлі жоспарланып жатыр немесе қарқыны өте баяу. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды бұзу фактілері жиі көтеріледі. Көптеген кәсіпкерлер қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды құжаттарды керек қылмайды.

«Мәселен, Қарағанды облысында 149 көпшілік демалыс орнының ішінде 80 нысан ғана санитариялық-эпидемиологиялық қызметтердің қорытындысын алған. Ал, 28 жағажайдың тек үшеуіне тиісті қорытынды берілген. Кей жерлерде энергия қуаты жетіспейді. Тәулік бойы жұмыс істейтін медициналық бекеттерді, құқық қорғау органдары мен құтқару қызметтерін ұйымдастыру ісі барлық жерде бірдей шешімін таппай келеді. Қонақ үйлерде, туристік нысандарға жақын дәмханалар мен дүкендерде бағалар сол күйі қымбат. Шашылып жатқан қоқыстарға, демалыс орындарына апаратын жолдар мен көлік тұрақтарының жоқтығына қатысты  туристер тарапынан түсіп жатқан шағымдар көп», – дейді ол.

Үкімет басшысының сөзінше, осындай мәселелерді шешу үшін барлық әкімдіктің,  «Атамекен» палатасының, әр өңірден туризм саласындағы ірі кәсіпкерлердің,  сондай-ақ тиісті сарапшылардың қатысуымен Жедел үйлестіру кеңесін құру қажет. Бектенов туризм министрлігіне үш күн ішінде Үкімет аппаратына тиісті өкім жобасын енгізуді тапсырды.

Бектенов «бұл іске немқұрайлы қарауға болмайды» деп ескертті.

Айта кетейік, бұған дейін Үкімет басшысы Олжас Бектенов «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының басшысы Талғат Ғазизовке жұмыста нәтиже көрсетпесе, қызметінен алатынын ескерткен еді.