
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Нәзипа Аюбаеваның қызметтен кету себебін түсіндірді.
Министрдің айтуынша, академия басшысы бұл шешімді өзі қабылдаған.
«Ол өз шешімімен кетті. Бұған дейін үш пәнді біріктіру бойынша реформаны тоқтатуға қатысты ұсыныс айтылды. Ол ұсынысқа президенті (академия) көнбеді. Қабылданған шешімді өзгертпеуіне байланысты және өзі осындай шешім қабылдады», – деді Сүлейменова.
Министр командасы жоқ екенін, кеңесшісі, көмекшісін қосқанда бес адаммен ғана келгенін айтады. Кейбір азаматтар айтқандай кадрларды ауыстыру толқыны байқалмайтынын атап өтті.
«Менің командам жоқ. Мен көмекші және кеңесшімен келдім. Небәрі 5 адам. Ал қазіргі таңдағы кадрлық ішкі өзгерістердің барлығы сол министрлікте бұған дейін 20 жыл, 30 жыл жұмыс істеген және өзін дәлелдеген азаматтардың аясында меритократиялық принциппен тағайындалып жатқанын атап өткім келеді. Кейбір кадрлар өз шешімімен кетті. Мен оларды тоқтата алмаймын», – деді министр.
Сондай-ақ министрдің айтуынша, бұған дейін үш пәнді біріктіруге қатысты реформаны тоқтату жөнінде ұсыныс болған. Алайда академия президенті қабылданған шешімді өзгертуге келіспеген. Осы жағдайдан кейін ол өз еркімен жұмыстан кеткен.
Мұның алдында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова енді педагогтерді аттестаттау кезінде авторлық бағдарламаларды міндетті түрде әзірлеу талабы алынатынын мәлімдегенін жазған едік.