Курорттар туристердің көбеюіне дайын емес – министр

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Министр Алакөл көлінің екі беттегі жағалауында да жағаны бекіту қажет екенін айтты / Фото: kursiv.media мұрағаты

Үкімет отырысында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов курорттық аймақтарға тексеріс жүргізілгенін мәлімдеді.

Үкімет отырысында баяндама жасаған министр Президент Әкімшілігі және Үкімет Аппаратының инспекторлары Бурабай, Баянауыл, Катон-Қарағай, Балқаш, Қапшағай, Алакөл (Абай мен Жетісу обл.), Маңғыстау (Каспий теңізінің жағалауы) курорттық аймақтарына тексеру жүргізгенін айтты.

Сол тексерісте Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Абай және Жетісу облыстарындағы курорттық аймақтарда сумен қамтамасыз ету және орталықтандырылған кәріз жүйесі мәселелері әлі де шешілмегені анықталған. Суды, соның ішінде ұңғымаларды пайдалану мәселесіне арнайы назар аудару қажет. Бұл мәселе, әсіресе, Алакөл жағалауында аса өзекті болып тұр.

«Алакөл көлінің екі беттегі жағалауында да жағаны бекіту жұмыстарын жүргізу қажет. Мысалы, Абай облысындағы бірқатар демалыс базалары қауіпті жерде, оларға су тым жақындап қалған. Осыған байланысты бұл мәселені шешуді кейінге қалдыруға болмайды», – дейді ол.

Сонымен бірге Каспийдің және Жетісу облысындағы Алакөл жағажай аймақтарында судың түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу қажеттігі де айтылды.

«Кейбір курорттар туристер ағынының көбеюіне дайын болмай жатыр. Бурабай курорттық аймағында маусымның қызған шағында – кептеліс болуда. Ал Балқаш көлі бағытында жол бойындағы қызмет көрсету объектілерінің жетіспейтіні, жанармайдың тапшылығы, яғни жанармай құю станцияларында сағаттап тұратын кезектер байқалады», – дейді ол.

Министрдің сөзінше, негізгі көрсеткіштердің тұрақты өсуі байқалып отыр. Мәселен, орналастыруға арналған орындарда туристер саны 12 пайызға артып, 10 млн адамнан асқан. Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық индексінде Қазақстан 66-дан 52-орынға көтеріліп, өз позициясын жақсартты. Алдағы уақытта Топ-50 елге кіру мақсаты қойылған.

Сондай-ақ оқыңыз