Жаңалықтар

Президент Конституциялық комиссия төрағасын қабылдады

Тоқаев Әзімованы қабылдады/фото: shutterstock

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комиссияның төрағасы – Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімованы қабылдады.

Ақорданың хабарлауынша, кездесуге Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары – мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин және аонституциялық комиссия мүшесі – президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев та қатысқан.

«Мемлекет басшысына Конституциялық комиссияның бұған дейін өткен отырыстарының нәтижесі туралы мәлімет берілді. Эльвира Әзімова комиссия қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында барлық отырыс медиа кеңістікте, соның ішінде арнайы телеграмм арналары арқылы тікелей көрсетіліп жатқанын баяндады», – деп хабарлады Ақорда.

Әзімова жарты жыл бойы Конституциялық реформаларды қоғамдық талқылау өткізілгенін айтқан.

«Электронды платформаға азаматтардан, құқықтанушы ғалымдардан, сарапшылардан, заңгерлерден, саяси партиялардан, үкіметтік емес ұйымдардан, кәсіптік және бизнес қауымдастықтардан 2 мыңнан аса ұсыныс пен бастама келіп түскен», – делінген ақпаратта.

Мемлекет басшысы Конституциялық реформа еліміздің дамуына тың серпін беретінін айтқан.

Айта кетейік, комиссия отырысында вице-президенттің өкілеттігі туралы айтылды. Соған сәйкес вице-президент лауазымына тағайындалған азамат қандай да бір саяси партияға мүше болмауға тиіс.

Конституцияның 83-бабынан «Бас прокурор өкілеттігінің мерзімі – бес жыл» деген жолдарды алып тастау да ұсынылып отыр.