
Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын таныстырды. Бұл бағдарламаға бюджеттен 1,3 трлн теңге бөлінген.
Тұжырымдама негізінен төрт бағыттан тұрады. Олар: балалар қауіпсіздігі, білім, денсаулық, отбасы және әлеуметтік қорғаудағы құқықтары. Осының аясында 158 іс-шара жоспарланған.
Маңызды өзгерістің бірі – елдегі психологиялық қолдау орталықтарының пайда болуы. Қазір елімізде 20 психологиялық қолдау орталығы жұмыс істейді. Осы жылы зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалар үшін тағы 40 көмек кабинетін ашу жоспарланған. Барлық мектепке педагог-психолог сағаты енгізіледі.
Одан бөлек білім беру мекемелері техникалық қауіпсіздік жабдықтарымен толық жабдықталуына көңіл бөлінеді. Сүлейменованың сөзінше, жазғы лагерьлердің қызметін лицензиялау 2026 жылдың 1 сәуірінен, ал мектепке дейінгі мекемелерді 2027 жылға жоспарланған.
«Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында елдегі жасөспірімдер әлеуметтік желіні қолдануына байланысты жаңа заң қабылдануы мүмкін. Министрдің сөзінше, қазір сарапшылар осы тақырыпта жұмыс істеп жатыр. Кейбір қоғам белсенділері балалардың әлеуметтік желіні пайдалануын толық шектеуді ұсынып отыр.