«Спортты көтеруге лайықты»: Мырзабосынов Сәпиевтің оқиғасына қатысты жауап берді

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: Үкімет

Үкіметтегі баспасөз мәслихатында журналистер Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтан Серік Сәпиев пен орынбасары Дәурен Есімхановтың текетіресі жөнінде бір емес, бірнеше рет сұрады.

Журналистер әуелі «чемпиондарды басшылыққа тағайындау дұрыс па» деп сұрақ қойды. Мырзабосынов әр салада мемлекеттік қызметке тұрса да әр маман бірнеше қағидалардан өтуі керектігін, спорт саласында тағайындалып жатқан мамандар мемлекеттік қызмет баспалдағынан өткен азаматтар екенін айтты. Ал Қарағанды әкімдігінде болған жағдайға тиісті уәкілетті органдар баға беретінін мәлім етті.

Журналистер спорт министрінен «өңірлердің спорт басқармаларына спортшыны басшы етуді ойланып қалған жоқсыз ба» деп сұрады. Мырзабосынов 20 өңір егер Олимпиадаға лицензия бермесе, әлем деңгейінде бәсекелестікті орната алмаймыз деді.

«Серік Сәпиев әлем шыңын бағындырған. Ол әлем чемпионының екі дүркін жеңімпазы. Орталық мемлекеттік ұйыммен оның жұмысына берілген тапсырмалар орындалып отыр. Ал мына жағдайға әкімдік пен мемлекеттік қызмет істері департаменті баға береді», – деді ол.

Министр бала кезден спортпен айналысып, сол саланың проблемаларын білетін азаматтар спорт саласына келе алатынын айтты.

«Ең бастысы, ол спорт саласының маманы болуы міндетті. Қарау процестері болып жатыр. Жауабы айтылады. Мықты спортшылар елдің спортын көтеруге міндетті түрде өз тәжірибесін бөлісуі дұрыс деген ұстанымдамын. Осындай мамандар өңірлердегі спортты көтеруге лайықты деп санаймын», – деді Мырзабосынов.

Айта кетейік, жақында әлеуметтік желіде Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімханов арасындағы төбелеске қатысты видео тарады.

Қазақстан бокс федерациясы Олимпиада чемпионы, Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиевке қатысты жағдайға байланысты ресми мәлімдеме жасады.

Артынша Серік Сәпиев орынбасарымен болған жанжалға қатысты түсініктеме берді.

Сондай-ақ оқыңыз